Жиынды ашқан Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Шанхай ынтымақтастық ұйымының қазіргі төрағасы Қазақстанның, сондай-ақ өз атынан барша Иран халқы мен оның басшылығына осы елдің Президенті мен Сыртқы істер министрінің қайғылы қазаға ұшырауына байланысты көңіл айтты.
Қасым-Жомарт Тоқаев шет мемлекеттердің Сыртқы істер министрлері кеңесінің отырысы күн тәртібіндегі өзекті мәселелерді шешу жөніндегі ШЫҰ-ның маңызды форматтарының бірі екеніне тоқталды.
Еліндегі ауыр жағдайға қарамастан Иранның, сондай-ақ алдағы уақытта қатарымызға қосылатын Беларусьтің өкілдері Астанадағы Сыртқы істер министрлерінің кеңесіне алғаш рет қатысып отырғанын ерекше атап өткім келеді. Сіздердің елдеріңіз «шанхай рухын» одан әрі күшейтуге және ШЫҰ аясындағы көпжақты ынтымақтастықты нығайтуға айтарлықтай үлес қосатынына сенімдімін. Қазірдің өзінде біздің ұйымға Еуразия құрлығындағы он мемлекет мүше. Бұл елдерде жер шары халқының жартысына жуығы тұрады, сондай-ақ әлемдік жалпы ішкі өнімнің төрттен бірі және жаһандық сауда-саттықтың 15 пайызы осы мемлекеттерге тиесілі. Қазақстан ШЫҰ-ның төрағасы ретінде Ұйымның әлеуетін одан әрі арттыру үшін бар күш-жігерін жұмсайды, – деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның бастамаларын қолдағаны және бірлескен табысты жұмысы үшін ұйымға мүше мемлекеттерге алғыс айтты
Президенттің айтуынша, ШЫҰ-ның цифрлық, туристік және энергетикалық салалар бойынша ұйымдастырылған форумдарын қоса алғанда,100-ден астам іс-шара өткен.
Шанхай Ынтымақтастық Ұйымы елдерінің «Киелі орындары» жобасы аясында жүргізілген жұмыстар аяқталып келеді. Біздің бастамамызбен 2024 жыл ШЫҰ-да Экология жылы болып жарияланды. Қазақстан Үкіметі энергетика, көлік және мәдениет салаларында қосымша бірқатар айтулы шараға дайындық жұмыстарын жалғастыруда. Әрине, ШЫҰ-ның алдағы Астана саммитіне баса назар аударамыз. Елдеріміз үшін маңызды осы Форумға толыққанды дайындық жүргізу мақсатында Сыртқы істер министрлері кеңесіне зор жауапкершілік жүктеледі. Маңызды құжаттар тізімін және шешімдер әзірлеу жөніндегі жұмыстарыңызды жоғары бағалаймын. Осындай 20-дан астам құжат мемлекеттер басшылары кеңесінің қарауына ұсынылды. Олардың тиімді іске асырылуы ШЫҰ аясындағы жан-жақты серіктестіктің нығаюына елеулі үлес қосарына сенімдімін, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президенттің пікірінше, жаһандық стратегиялық тұрақсыздық жағдайында кешенді тәсілдерді қолданудың, барлық тараптың мүддесін ескерудің және үнемі мәмілеге келу жолдарын іздеудің маңызы артып келеді
Мемлекет басшысы бүкіл адамзат үшін бейбіт және үйлесімді даму мұраттары мен құндылықтарын ұжым болып ілгерілететін уақыт келді деп санайды.
Сондықтан Қазақстан ШЫҰ-ның «Әділетті әлем мен келісімді жақтайтын дүниежүзілік бірлік туралы» бастамасын әзірлеуді ұсынды. Осы құжаттың, сондай-ақ алдағы саммит барысында ШЫҰ-ның Астана декларациясының қабылдануы, біздің көзқарасымыз бойынша, әлемнің түрлі өңірлеріндегі қақтығыстарды реттеу үшін халықаралық күш-жігерді біріктіруге ықпал етеді. ШЫҰ-ны одан әрі реформалау ісіне ерекше мән беру қажет. Осы Ұйымның қызметін жетілдіруге бағытталған нақты шешімдерді дайындауға мүше мемлекеттердің белсенді қатысуы маңызды. Қазақстан өз тарапынан ШЫҰ-ны ынтымақтастықтың тиімді және көпжақты тетігіне айналдыру жөнінде теңгерімді ұсыныс жасады. Алдағы уақытта да осы бастамалар қолдау табады деп үміттенеміз, – деді Президент.
Мемлекет басшысы ШЫҰ-ның ортақ сын-қатер мен қауіптерді еңсеру ісіндегі әлеуетін арттыру жұмыстары дер кезінде қолға алынып отырғанын атап өтті.
Осы орайда Қасым-Жомарт Тоқаев «үш зұлым күшке» қарсы күрес Ұйым ынтымақтастығының тұрақты назарында болуға тиіс деп санайды.
Қазақстан осы бағыттағы ықпалдастықты ұдайы нығайтуға ниетті. Терроризмге, сепаратизмге және экстремизмге қарсы күрес жөніндегі сіздермен келісілген ынтымақтастық бағдарламасы бұл бағытта жасалған нақты қадам саналады. Өз кезегінде ШЫҰ-ның есірткіге қарсы стратегиясы бойынша жұмыстың аяқталуы, терроризмді қаржыландыру арналарын бұғаттауды қоса алғанда, есірткі қаупіне қарсы күресу үшін өзара қабылданып жатқан шараларды күшейте түседі. Осы жетістіктердің барлығы – Ұйым кеңістігінде тұрақтылық пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі келісілген және нақты шаралардың айқын дәлелі. Бұл халықаралық қатынастардың жаһандық архитектурасындағы ұстанымды нығайту, ШЫҰ-ның әлемдегі беделі мен рөлін арттыру тұрғысынан да маңызды, – деді Мемлекет басшысы.