Коронавирус пандемиясы қайта күш ала бастағалы, барша қазақстандық үшін аурухана мәселесі өзекті бола түссе керек. Еліміздің бас санитары өңірлерді «қызыл» аймаққа көшіруге әзірленіп жатқаны байқалады. Індет осы бетімен өрши берсе, біраз өңірде ауруханалар ковидтік мәртебеге ауысуы ғажап емес. ДСМ ресми блогында коронавирусқа шалдыққан азаматтардың уақытылы медкөмек көрсетілмегені, мобильді бригаданың келмей жатқаны жөніндегі арыздар қаптады.
Әйткенмен басқа ауруханалардың да жағдайы мәз емес көрінеді. Жалпы кеңес кезінде және 90-шы жылдары өздігінен жүре алатын сырқаттар қасық-тәрелкесін көтеріп барып, ортақ асханадан тамақ ішетін. Ауруханалық аспаз апай дәу кәстрөлдерінен ожаумен көсіп-көсіп алып, тәрелкелерге әлденені тастайтын. Тамақсаулары қосымша порциясын сұратса, алайып бір қарап, ожауын қолға алатын. Ауруханалық асты менсінбегендер палата болып жиылып, туыс-туған әкелген үйдің дәмді тамағын ортаға қойып, дастархан жаятын.
Қазір заман басқа, талап басқа. Мысалы, коронавирус жағдайында ауруханалар карантинді сақтайды, сырқаттар негізінен өз палатасында қамалады, дәлізде сенделіп жүруіне тыйым салынады.
Жиырма жылдай бұрын ауруханаларға коммерция келді. Ауруханалардың асханалары жабылып, сырқаттар мен медперсоналды тамақтандыру ісі мемлекеттік сатып алудың талауына тасталды. Коммерция жүрген жерде үнемдеу қоса жүреді, тендерді жеңген кәсіпкер ауруларды астан қағатынды шығарды. Олар науқастар ұсынған тәрелкенің түбіне ғана ас құяды немесе елодадағы біраз ауруханадағы сияқты құйтақандай контейнерлерге ортасынан асырмай алдын ала салып, палаталарға таратады. Бұл ретте ауруханадан жазылып шығып жатқан сырқаттарға түскі ас бермейді. Ол да үнем. Мұндай тәжірибе отандық денсаулық сақтау саласын жаппай жайлаған деуге де болады.
Осы орайда жаңа Ұлытау облысының орталығы – Жезқазған қаласының аналары Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиниятқа ұжымдық хат жазды. Олар жүкті аналарға жағдай жасалмағанына назаланады. Олардың куәлік етуінше, қаладағы перзентханаға ұзақ уақыттан бері жаңа қондырғылар, жаңа жабдықтар әкелінбеген.
«Ең масқарасы сол, босану бөлмесі толық жабдықталмаған. Бала тууға арналған кушеткалар жоқ. Онсыз да толғағы келіп қиналған аналар қарапайым кушеткада, ыңғайсыз жағдайларда босануда. Балаларға арналған кішкентай манеждер – кеңес кезеңінен қалған ескі, темірден жасалған дөңгелектері қозғалмай, қасарысады. Матрас пен төсек жабдық жетіспейді», – делінген хатта.
«Жүкті ана екі адам үшін тамақтанады» деген даналық бар. Аналар ашығып жатқанына мұң шақты.
«Жаңа босанған аналарға 2 мезгіл ғана тамақ беріледі – таңертең және түсте. Әрі порциялары мүлдем мардымсыз. Алыс аудандардан келіп босанған, қалада еш туысы жоқ аналарға өте қиын. Туғандары тамақ жеткізбегендіктен, кешкі тамақсыз, аш қалып жатады. Өз басым солай аш қалғанмын, себебі қалада тамақ жасап әкелетін туыстарым жоқ. Жаңа туған анаға, емізетін анаға бұл бір шок», – дейді Айжан есімді ана.
Тағы бір проблема – перзентханада флюорография жоқ (мұндай түйткіл еліміздегі көптеген перзентханаға тән). Содан аналарды жинап алып, жедел жәрдем көлігіне салып, қаланың басқа шетіне апарып, өкпесін түсіреді екен. Әйелдер алдыңғы, былтырғы жылдардағы карантин тұсында да солай болғанын айтады. Әсіресе қыс кезінде қиын. Ақшұнақ аязда аналар іші жылытылмайтын жедел жәрдем машинасында тоңып барады. Бұл кезде перзентханада барлық сәби қараусыз қалатын көрінеді, айналдырған 2-3 медбике қаптаған бөбектің бәрінің соңынан қарап үлгермейді. Аналардың бірі солай оралғанда нәрестесінің жылай-жылай қып-қызыл болып кеткенін көрген. Аналар жоқта балаларға қатысты бір жағдай болса, кім жауап береді?
Содан қазіргі кезде кейбір енелер акушер жалдап, келіндерін үйлерінде босандыратын дәстүр шығарды. Бәрібір перзентханада келінім мен немереме дұрыс күтім жасамайды дегенді алға тартады.
Жергілікті әйелдер жағдай түзеледі деген үмітпен әлі келе жатқандарын айтады, алайда баяғы жартас сол жартас, өзгеретін түрі жоқ. Ал ұлт болашағы ана мен бала денсаулығынан басталады. Биік лауазымды шенеуніктер «Ұлытау – қасиетті мекен» деп сөйлегенде алдына қара салғызбайды. Ал сол киелі мекеннің иесі мен киесі саналатын ана мен балаға атүсті қарайтыны неліктен?
Сорақысы сол, Қазақстанда өлім-жітім коэффициенті рекордтық шамаға жетті. Соның ішінде балалардың шетінеуі айтарлықтай өскен. 2009 жылы өсе бастаған осы үрейлі көрсеткіш 2021 жылы ең жоғарғы шамасына – 1000 адамға шаққанда 9,61 адамға жетті. 14 шілдедегі Үкіметтің кеңейтілген отырысында Президент Қ.Тоқаев осы мәселеге тоқталды.
«Үкіметтің басты міндетінің бірі – ана мен баланың денсаулығын сақтау. Өкінішке қарай, сәбилердің өлімі көбейді. Ана өлімі де өсуде. Мен перинаталдық қызметтің жай-күйін тексеруге тапсырма бердім. Оның қорытындысында тиісті шаралар қабылдануы керек еді. Бірақ барлық жұмыс аудит деңгейінде тоқтап қалды. Қазіргі перзентханалардың көбі халықаралық стандарттарға сай емес. Сондықтан шұғыл шаралар қабылдап, осы мәселені шешу қажет», – деді Мемлекет басшысы.
Жезқазғандық, ұлытаулық аналардың жанайқайына орай Денсаулық сақтау министрлігі тексеру жүргізіпті. Ведомство Жезқазған қаласының перзентхана бөлімі «Жезқазған қаласының көп бейінді ауруханасы» КМК мекемесіне қарайтынына назар аудартты.
«Қазіргі уақытта перзентхана бөлімі көп бейінді аурухананың Иманжан, 11 мекенжайындағы нысанында орналасқан. Ғимаратқа күрделі жөндеу жүргізілуде, таяуда перзентхана бөлімі көшіріледі деп жоспарланып отыр. Өтініште жазылған деректерге қатысты айтсақ, жаңа қондырғылар, жаңа жабдықтар, жаңа кушеткалар және балаларға арналған манеждер сатып алып қойылды. Жаңа ғимаратта оның бәрі болады, толық жабдықталған. Матрас пен төсек жабдықтарының жетіспеушілігіне келсек, қазіргі уақытта қалалық перзентхана бөлімінде матрас пен төсек жабдықтары толық мөлшерде қамтамасыз етілген, айналымдағысы жеткілікті», – деп хабарлады министрлік.
Меморган тамаққа қатысты да шағым болмауға тиіс дегенге келтіріп отыр. Өйткені есепте бәрі дұрыс.
«Ас мәзірі бойынша күнделікті үш реттік тамақтандырылуы қадағаланып тұрады. Көп бейінді аурухана және перзентхана бөлімінде науқастардың тамақтануын «Гурхан-2050″ ЖСШ ұйымдастырады. Науқастарға дайындалған тағамдардың сапасын бақылау үшін бракеражды комиссия тағайындалды. Оның құрамында эпидемиолог дәрігер, аурухананың бас медбикесі, инфекциялық бақылау жөніндегі медбике тұрақты негізде сынамалар алады. Тағамдардың органолептикалық бағалау нәтижелері және тағамның дайындық дәрежесі, тамақ өнімдерін тасымалдау, жеткізу және түсіру кезінде санитарлық-гигиеналық нормалардың сақталуын бақылауды жүзеге асырады», – деп түсініктеме берді ДСМ.
Министрлік аналардың «кешкі ас берілмейді» деген арызын жоққа шығарып отыр. «Жетісіне бір рет босанған әйелдердің сұрауы бойынша кешкі ас орнына сүт, айран, тағы басқа сүт өнімдерімен қоса жеміс-жидектер, пісірілген кондитерлік нан тоқаштары берілетін» көрінеді. Жалпы бұл жүрекжалғар «полдник» болып табылады, оның неге кешкі асты ауыстыратыны белгісіз.
Ведомство босанған әйелдер ауруханадан шығарылмас бұрын флюорографиядан көп бейінді ауруханада өткізілетінін растады.
«Перзентхана бөлімшесі жоспар бойынша аурухана ғимаратына көшірілген соң осы мәселе де шешілетін болады. Барлық салалық дәрігерлерінің көмегі қолжетімді болуы үшін және магниттік-резонанстық бейнелеу, компьютерлік томография, флюорография, басқа функционалды зерттеулердің шоғырланған жері болғандықтан, перзентхана бөлімшесі көп бейінді ауруханасының ғимаратына көшіріледі», – деп мәлім етті Денсаулық сақтау министрлігі.
Жалғыз жас босанған аналардың ғана емес, басқа сырқаттардың да отандық денсаулық сақтау жүйесіне қатысты арызы бар.
«Қазір Қазақстанның қалалық, облыстық және теміржол ауруханаларында неге науқастарға душқа түсуге рұқсат етілмейді? Осыны түсінбедім. Әрбір науқас ауруханада кем дегенде 7 күн жатады. Жазда ауыр, осы уақыт ішінде аптап ыстықтан терлеп, сырқаттардың денесі кірленеді, палаталар жүрек айнытар күлімсі иіске толады. Сонда жуынып-шайыну үшін шомылу бөлмесін сұраса, «душ жоқ» дейді. Сондай-ақ үйге суға түсіп келуге де жібермейді. Соңғы 2 жыл бойы билік коронавирус пандемиясы кезінде, барлық медициналық ұйымдарда тазалық-гигиена сақтаудың маңыздылығын қайта-қайта айтқан болатын. Бірақ медициналық мекемелердің өздері науқастарға гигиена сақтауға мүмкіндік жасамайды», – дейді Айбар Қабаев.
Айтқандай, астанадағы бұқараға арналған жаңа клиникалар мен ауруханаларда әр палатада төл жуынатын бөлмесі қарастырылған. Әйкенмен оларда да көбіне ыстық су болмай шығады. Науқастар бірнеше рет суға түсіп, коммуналдық төлемдерден үлкен шығын болады деп, ыстық суды әдейі ағытып тастайды деген жорамал айтылып жүр. Ал салқын тигізіп, дертті ушықтырып алмау үшін суық суға түспеуге мейірбикелердің өзі кеңес береді екен. Билікке шағымданған қазақстандықтар «Қазақстан бойынша барлық ауруханада пациенттерге кем дегенде 2 күнде 1 рет суға түсуге мүмкіндік беруді» ұсынып отыр.
Қалай болғанда, денсаулық саласынан бір шикілік шығып, жағымсыз иісі елді мазасыздандырып жатқан сияқты.