Сочиде шілде бойы жауатын жаңбыр бір-ақ күнде жауып, жексенбі күні қалада сел жүрді. Салдарынан Сочидегі өзендер деңгейі қатты көтерілген. Жексенбіге қараған түні басталған тропикалық жауын салдарынан қаланың 15 көшесі судың астында қалды. Ондаған көлік су ағынымен ағып кеткен. Кейбірінің ішінде адамдар болған. Мерт болғандар саны біреу.
Жауыннан Лазарев ауданы көбірек зардап шеккен. Бұдан бөлек А-147 федералды тас жолының екі жүз метрі су астында қалды.
Қала әкімшілігінің баспасөз қызметі Хоста, Мацеста, Бзугу, Кудепста өзендерінде бірден су деңгейінің көтерілгені туралы дабыл қосылғанын мәлімдеді. Станциялар су астында қалғандықтан, қаланың бірнеше ауданы жарықсыз қалды. Сочи әкімшілігінің басшысы топан су салдарын жою үшін 1 000-нан аса адам мен 400 техника жұмылдырылғанын мәлімдеді.
Жағдай тұрақталған соң қала билігі теңізден тағы бұлт келе жатқанын айтып, ескерткен. Кешке және түнде қатты жауын, ал теңізде құйын соғады деп күтілген.
«Жағалаулар жабық, шомылуға болмайды. Санитарлық тазалау жұмыстары жүріп жатыр», — деп ескертті қала басшысы Алексей Копайгородский.
Жексенбі күні түнде Бзугу өзенінің арнасынан асқаны туралы хабар түскен. Әлеуметтік желідегі видеодан су ағынының жеңіл көліктерді ағызып әкеткенін көруге болады. Салдарынан Орталық және Хостинский аудандары көбірек зардап шекті.