Жоба бойынша жол кеңейтіліп, абаттандырылып, тротуары мен вело-жүргізушілер жолы салынып, аялдамалары қойылуы қажет. Қазан айында жолға асфальт төселіп бітуі керек болған. Алайда, күздің ортасы болса да, Спутник шағын ауданынан 7-ші саяжайға апаратын жолдың шаңы шығып жатыр. Мердігер компания бұрынғы асфальтты қырып, алып тастаған. Осы уақытқа дейін тек қалаға кіреберістегі теміржол өткелінен бастап жолдың шамамен 2,5 шақырымына ғана асфальт төселді.
Мұнда тағы бір мәселе бар — көшеге күрделі жөндеу жасалып жатқандықтан, 7-автобустың бағыты өзгеріп, көшені айналып өтеді. Бұл өз кезегінде такси бағасының қымбаттауына әкеп соқты. Жол жиегінде сағаттап жолшыбай көлік тоқтатуға мәжбүрміз – дейді тұрғындар.
Халық бар болғаны 5 шақырым жолды жөндеу ұзаққа созылғанына шағымданып отыр.
«Мына шаңға шыдау мүмкін емес. Шаң-тозаңнан аллергиям қозып, үнемі түшкіріп-пысқырып жүремін. Жылда мұндай болмайтын. Үйдің терезесін ашудан қалдық. Көшеде қимылдап, жұмыс істеп жүрген жұмысшыларды көрмейсің», – деді тұрғын Әсем Қайратова.
Ал Нина Кандаурова қоғамдық көлік мәселесін қаузады.
«Балаларды мектепке таситындарға қиын болды. Аялдама деген атымен жоқ, автобус көрінген жерге тоқтай береді. Жас емеспін, маған жол қозғалысының жақсы болғаны қажет. Маршруттардың өзгеруі де дұрыс шығар, себебі, автобустар мына ойлы-шұңқырлы жолдан тез сынады. Ол жеке компанияның қалтасын қағады», – деді зейнеткер Нина апа.
Такси жүргізушісі болса, жолға бөлінген қаржы орынсыз жұмсалып кеткен деп күдіктенетінін алға тартты.
«Рас болса, бұл жолға бөлінген ақша жетпей қалған. Естуімше, қара жұмысты жасайтындардың еңбекақысы төмен. Сондықтан ешкім бұл жұмысты істеуге келмейді. Дайын асфальтты қырып, жолдың арғы бетіне (теміржол өткелінен бері) қыздырып сала салды. Халықтың қиналғанына ешкім жауап бермейді, ешкім ойлап та жатқан жоқ. Жол бұзылғалы көлігім де сынғыш болып кетті. Жаздың өзінде екі рет жөндеттім. Қысқа қарай тағы жөндетуім керек», – деді Бауыржан аға.
Ал әкімдік мамандары жобаға өзгерістер енгізіліп жатқан соң, жөндеу жұмыстары уақытша тоқтап тұрғанын айтты.
«Жоба жасалғанда жолдың ені 12 метр болған. Қазіргі таңда оны 15 метрге ұлғайту үшін жобаға өзгерістер енгізіліп, мемлекеттік сараптамаға жіберілді. 15 қазанда қорытындысы шығу керек. Одан кейін асфальт төселе бастайды», — деді қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Дархан Қарағонысов.
Сондай-ақ ол жалпы жобаға 3,4 млрд теңге қаржы бөлінетінін айтты.
«Бұл жоба 2024 жылға өтпелі. Биыл жолға қатысты жұмыстың барлығы аяқталады. Бөлінген қаржыға Сейфуллин көшесінің бойында жатқан шағынаудандардың аулалары да абаттандырылады (футбол, балалар алаңы және т.б.)», — деді әкімдік маманы.