«Мен өзім зейнеткермін. Әйелім де зейнеткер. Өткенде жұбайым ауырып қалғанда дәрі алу үшін зейнетақының 80 пайызы жұмсалды. Алматы облысында дәрі-дәрмек бағасын қадағалайтын кісілер бар ма, әлде дәріханалар ойына келген бағаны қоя беруіне рұқсат па?», — деді министрге сауал қойған ақсақал.
Өз кезегінде министр Ажар Ғиният министрлік жанынан бағаны реттейтін комитет құрылып, оның департаменттері барлық өңірлерде жұмыс жасап жатқанын айтты.
«Сұрағыңыз өте орынды. Қазақстанда дәрі-дәрмектердің шекті бағалары белгіленген. Егер дәріханаларда одан асып түсетін дәрілер сатылса, кәсіпкерлер қолданыстағы заңға сай жауап береді. Елімізде шағын және орта бизнес өкілдерін тексеруге мораторий жариялануына байланысты комитет немесе департамент өз бетінше дәріханаларды тексере алмайды. Бұл жағдайда сіздер өтініш жазуларыңыз қажет. Сосын тиісті шаралар қолға алынбақ. Енді келесі сұрақ департамент басшысына қойылады. Халықтан шағымдар түседі ме?», — деді Ажар Ғиният.
Министр сұрағына жауап берген департамент басшысы былтыр 2 арыз түскенін, биыл тұрғындар тарапынан еш шағым жазылмағанын тілге тиек етті.
«Бұл дегеніңіз өте аз көрсеткіш. Биыл мүлде арыз түспегенін өңір жұртшылығы сіздерді білмейді деп бағалаймын. Халық мұндай кезде кімнен көмек сұрарын білмейді деген сөз. Сондықтан халықпен жиі байланыс орнатып, оларға түсіндіріп, айтуларыңыз қажет. Сонда сіздердің жұмыстарыңыз да көбейеді. Сіздер дәрі-дәрмек бағасына онлайн мониторинг жасап, шектеу шараларын қабылдап отыруларыңызға болады. Халық өз құқығын қалай қорғау керектігін білуге тиіс», — деді департамент басшысын сынға алған Денсаулық министрі.