Баспасөз мәслихатына экология департаменті басшысының орынбасары Бақытжан Молдахметов, энергетика және ТҮКШ басқармасының бөлімінің басшысы Айдос Тастанов, экологиялық сараптама бөлімінің бас маманы Талғат Сұрабалдинов спикер ретінде шақырылды.
«ҚР Экология және табиғи ресурстар министрі Зүлфия Сүлейменова және облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев 5 бағыттан, 13 тармақтан тұратын «Экологиялық проблемаларды кешенді шешу жөніндегі Жол картасын» бекітті. Бұл құжаттағы 5 бағытқа көмірмен жұмыс істейтін кәсіпорындардың, үйлердің шығарындыларын азайту, көгалдандыру, су ресуртарын реттеу, қалдықтарды басқару секілді салалар кіреді», — деді департамент басшысы Бақытжан Молдахметов.
Сонымен қатар ол Марат Сұлтанғазиветің қаулысына сәйкес, заңсыз орындарға қоқыс төгу, заңсыз полигондарды анықтау бойынша рейдтік шаралар жүргізіліп жатқанын айтты.
Ал Айдос Тастанов болса, Алматы облысында жылына 429 мың тонна қоқыс жиналатынын сөз етті.
«Былтыр 95 мың тонна (22,2 пайыз) қоқыс қайта өңдеуге жіберілді. Жоспар бойынша 2027 жылға дейін қоқысты қайта өңдеудің үлесін 25 пайызға жеткізу көзделіп отыр. Алматы облысында қатты тұрмыстық қалдықтар бойынша өңірлік жобасы дайындалып жатыр. Ол үшін экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасына 92 млн теңгеге өтінім берілді. Бұдан бөлек, Қонаев қаласының қоқыс полигонына экологиялық және экономикалық қалпына келтіру жөніндегі шаралар жасау үшін де бюджетке сұраныс жіберілді», — деді бас маман.
Сондай-ақ брифингте Талғат Сұрабалдинов былтыр Қапшағай су қоймасының су қорғау аймақтары мен белдеулерін белгілеу бойынша қаулы жобасы әзірленіп, Әділет министрлігіне жолданғанын, кейіннен түзету жұмыстарына кері қайтарылғанын айтты.