Көлік полициясының қызметкерлері Түрксіб станциясының күзетілетін өткелінде ВАЗ-2106 автокөлігін тоқтатып, оның жүксалғышынан екі қап қарасора есірткі затын тәркіледі. Есірткіні заңсыз тасымалдағаны үшін Түркістан облысының екі тұрғыны ұсталды.
Автокөлік жүргізушісінің айтуынша, ұсталғандар оны “inDriver” қосымшасы арқылы такси жүргізушісі ретінде Луговой ауылына дейін жеткізу үшін жалдаған. Сараптама нәтижесінде тәркіленген зат жалпы салмағы 10,5 кг кептірілмеген марихуана есірткі заты екені белгілі болды. Күдіктілер Жамбыл облысының уақытша ұстау изоляторына қамалды. Осы фактіге байланысты ҚР ҚК 296-бабының 4-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды.
“Биыл 1 маусымнан бастап “Қарасора” арнайы операциясы кезінде полиция қызметкерлері теміржол көлігінде 44 есірткі қылмысын анықтады. Олардың ішінде аса ірі мөлшерде есірткі өткізудің үш фактісі, контрабанданың бір фактісі және аса ірі мөлшерде есірткі сақтаудың екі фактісі бар”, – деді жол-көлік полиция департаменті бастығының орынбасары Ерлан Жалмағамбет.
Құқық қорғау мамандары «Қарасора» арнайы операциясының жалғасатынын айтты.