Кездесу барысында ол ауданның инфрақұрылымдық желілер тарту бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстарына тоқталды.
Марат Сұлтанғазиевтің сөзінше, Еңбекшіқазақ ауданының 79 ауылының 71-і сапалы ауыз сумен қамтамасыз етілсе, қалғаны орталықтандырылған суға қосылмаған.
«Бүгінгі таңда құны 4,5 млрд. теңге болатын Нұра, Қызылжар және Бәйдібек би ауылдарын сумен жабдықтау жүйесін қайта жаңарту және салу бойынша құрылыс-монтаж жұмыстары жүріп жатыр», — деді облыс әкімі.
Өңір басшысының мәліметінше, 2014 жылдан бері құрылысы аяқталмай келе жатқан Шелек ауылындағы кәріз желісі биыл іске қосылады. Жоба құны — 2,4 млрд. теңге.
Келесі инфрақұрылымға жататын саланың бірі — жол салу. Бұл туралы да Марат Сұлтанғазиев аудандағы жағдайды баяндады.
«Ауданда жолдардың жақсы және қанағаттанарлық деңгейі 89% құрайды. Өткен жылы 6 елді мекенде 205,2 шақырым облыстық және 16,8 шақырым кентішілік жолдарға жөндеу жүргізілді. Биыл ауданның жалпы ұзындығы 276 шақырым жолын жөндеу жұмыстарына 5,5 млрд. теңге бөлінді», — деді Марат Сұлтанғазиев.