Ташкент сахнасын селт еткізген талдықорғандық бишілер. Үйлескен шапшаң қимыл мен біркелкі ырғақты билері – тау халқының ұлттық биі. Таланттары көрші елді таңдай қақтырды, таңқалдырды. Жас толқынның шеберлікпен орындаған өнері көрермендерді ерекше қуанышқа бөледі. Бұл топ қазылар мен көрермендерге «Заманауи би» және «Кавказ ырғақтары» атты туындыны ұсынған. Ал, халықаралық байқауға әлемнің түкпір-түкпірінен өнерпаздар келген. 115 номермен сыңға түскен жетісулық би ансамблі бірден екі аталымда топ жарып мерейлері тасыды.
«Сайыстағы супер гран-при 1 командаға ғана беріледі. 115 нөмір болды. Біз неше күн дайындалған еңбектің нәтижесін көрсете білдік. Қазір қатарымызда ансамбльде 250-ге жуық бала бар. 6 жастан 18-20 жасқа дейінгі 100-ден астам бала дайындалды. Оның 70% ұлдар болса, 30% қыздар. Жеңімпаз біздің топқа ақшалай сыйлық ретінде 100 мың теңге көлемінде берді. Біз бұл қаражатты қайырымдылыққа жұмсаймыз деп шештік»,- деп бөлісті «Горец» бишілер ансамблінің көркемдік жетекшісі АСЛАН Мұртазалиев.
Айта кетсек, бұл «Горецтің» алғашқы жеңісі емес. Көпшілікке танымал би ұжымы бұған дейін 10-нан аса халықаралық, республикалық додалардың бас жүлдесін қанжығалаған. Олар көрерменге тау халқының лезгинка биін замануи нақышта дәріптеп келеді.
«Биыл 4 жылдан асты менің осы бимен айналысып келе жатқаныма. Харизмасымен шапшаңдығымен маған ұнайды. Түрлі жарыстарға бардық. Осы жолғы сайыс ерекше болды. Қарсыластарымыз да осал емес. Бірақ біздің еңбек ақталды. Жарысқа күндіз-түні дайындалдық. Өте ризамыз. Ағайымыздың үмітін ақтадық деп ойлаймын»,- дейді «Горец» бишілер ансамблінің мүшесі Елдос Дәулетқали.
Ансамбль 2014 жылы «Достық үйі» қоғамдық келісім орталығында құрылған. Құрамында қазір балалар мен жасөспірімдер жаттығады. 220-ға тарта мүшесі бар.