Зауытты «Қайтарылған активтерді басқару компаниясы» ЖШС саудаға шығарған. Қосылған құн салығын есептегенде, мүліктік кешеннің құны 500 млн теңгеден асады. Алайда аукцион қорытындысы бойынша кәсіпорынның түпкілікті бағасы өзгеруі мүмкін.
Лот құрамына жалпы ауданы 6 109,7 шаршы метрді құрайтын өндірістік және қосалқы ғимараттар, сондай-ақ жалпы аумағы 3 гектардан асатын үш жер учаскесі кіреді.
Саудаға шығарылған нысандардың қатарында шарап зауыты, қазандық, спирт қоймасы, шарап жертөлесі, зертхана, әкімшілік-тұрмыстық корпус, қоймалар мен өндірістік цехтар бар. Кәсіпорын Панфилов ауылының Хантау көшесі, 17 мекенжайында орналасқан.
Ашық деректерге сәйкес, кәсіпорын бастапқыда «BAKX» ЖШС атауымен жұмыс істеген. 2010 жылы Болат Назарбаев компанияның құрылтайшысы атанып, сол жылдың сәуірінде кәсіпорын «БН ликер-арақ зауыты» ЖШС болып қайта тіркелген.
2016 жылдың шілдесінде кәсіпорынның құрылтайшысы Ғабит Төлтаев болды. Ал 2018 жылдың қазанында компанияның атауы «Талғар ликер-арақ зауыты» ЖШС болып өзгертілген.
Бұған дейін мемлекет меншігіне қайтарылған кәсіпорынды сатудан түскен қаражат бюджетке бағытталады.





