Бюстің авторы – өзбекстандық мүсінші Нодир Усманов. Ескерткіштің орнатылуына жазушының отбасы қолдау көрсеткен.
Салтанатты жиында сөз сөйлеген Түркі мәдениеті және мұрасы қорының президенті, жазушының қызы Ақтоты Райымқұлова бұл оқиғаның екі ел арасындағы мәдени және рухани байланыстарды нығайтудағы маңызына тоқталды.
Ол әкесінің туған жеріне деген ерекше ықыласын еске алып, Қараманас ауылының қаламгер өмірінде маңызды орын алғанын айтты.
«Бүгінгі Өзбекстан мен Қазақстан мемлекеттері арасындағы достық мәңгі жасай берсін! Өзбек халқы мен қазақ халқының арасындағы бауырластық, туыстық мәңгілік болсын! Біз Өзбекстан Республикасының Қараманас ауылында тұрмыз. Менің әкем, қазақ халқының көрнекті жазушысы Рахметолла Райымқұлов 1913 жылы осы жерде туған. Кіндік қаны тамған туған жері әкем үшін өте қымбат болды. Көзі тірісінде әкемнің туған жерін аңсап, жылына бірнеше рет келіп-кететінін өзім де көрдім, өзім де бірге келіп жүрдім», – деді Ақтоты Райымқұлова.
Салтанатты рәсім барысында жиналған қауым жазушының бюстін ашып, оның әдеби мұрасына құрмет көрсетті.
Рахметолла Райымқұловтың есімі берілген мектеп аумағында ескерткіштің орнатылуы қазақ әдебиетін дәріптеумен қатар, Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы мәдени ынтымақтастықтың көрінісіне айналды.
Әсіресе, бұл бастаманың жас ұрпақ үшін тәрбиелік мәні зор. Қаламгердің туған жерінде оның есімі мен шығармашылық мұрасын ұлықтау жергілікті оқушылардың қазақ әдебиеті мен тарихына деген қызығушылығын арттыруға ықпал етеді.
Ескерткіштің өзбекстандық мүсінші қолынан шығуы да екі ел арасындағы шығармашылық байланыстың айғағы. Салтанатты шараға қос мемлекеттің әдебиет және мәдениет өкілдерінің қатысуы ортақ рухани құндылықтарды сақтауға деген ұмтылысты көрсетті.





