Оқиға 16 қараша күні сағат 13:18 шамасында мектептегі үзіліс кезінде болған.
Облыстық Білім басқармасының мәліметінше, оқушы үшінші қабаттағы баспалдақтың сүйеніш темірімен сырғанап бара жатып, тепе-теңдігін жоғалтып, екінші қабат деңгейіне құлаған. Салдарынан бала ауыр бас-ми жарақатын алған. Оқиға орнына шақырылған жедел жәрдем бригадасы оқушыны аса ауыр жағдайда ауруханаға жеткізген.
Екі тәулік бойы дәрігерлер баланың өмірін сақтап қалуға тырысқан. Оны емдеуге республикалық, қалалық және облыстық деңгейдегі жетекші балалар нейрохирургтері тартылған.
«17 қарашада өмірлік көрсеткіштер бойынша шұғыл ота жасалды. Алайда медицина мамандарының барлық күш-жігері мен жүргізілген реанимациялық шараларға қарамастан, 18 қараша күні сағат 10:00-де бала қайтыс болды», – делінген Алматы облысының Білім басқармасы таратқан хабарламада.
Қайғылы оқиғаның нақты мән-жайы анықталып жатыр.





