Аудан әкімінің айтуынша, еліміздегі алғашқы атом электр станциясы салынатын Үлкен ауылын кешенді дамыту мақсатында бірқатар инфрақұрылымдық жобаны жүзеге асыру мүмкіндігі қарастырылып жатыр.
Атап айтқанда, Қайраткөл теміржол станциясын жаңғырту және жаңа әуежай орналастыру көзделген. Бұл жобалар жүзеге асқан жағдайда өңірдің көлік қатынасын жақсартып, жолаушылар мен жүк тасымалына қолайлы жағдай жасауға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар Балқаш көлінің жағалау аймағын абаттандыру жоспарланған. Елді мекеннің бас жоспарында туристер мен өңірге келетін қонақтарға арналған қонақүй кешенін салу үшін арнайы жер телімдерін бөлу мәселесі де қарастырылуда.
Аталған бастамалар Үлкен ауылының туристік әлеуетін арттырып, инфрақұрылымын дамытуға бағытталған. Дегенмен әзірге бұл жобалар жоспарлау сатысында. Оларды жүзеге асыру мерзімі мен қаржыландыру көлемі нақтыланбаған.
Айта кетейік, Үлкен ауылы Балқаш көлінің жағасында орналасқан. Мұнда Қазақстандағы алғашқы атом электр станциясын салу жоспарланған. Осыған байланысты алдағы уақытта елді мекеннің инфрақұрылымын дамыту мәселесіне ерекше көңіл бөлінуде.





