Биыл Балқаш ауданының экономикасында оң өсім байқалады. Жыл басынан бері негізгі капиталға 8,7 миллиард теңгеден астам инвестиция тартылып, бөлшек сауда айналымы 4,6 миллиард теңгеге жуықтады. Аудан экономикасының негізгі саласы саналатын ауыл шаруашылығында өндірілген өнім көлемі 33 миллиард теңгеден асты. Биыл ауданда 29 мың гектардан астам алқапқа ауыл шаруашылығы дақылдары егілді. Оның 4 мың гектарға жуығын күріш алқаптары құрайды. Қазіргі уақытта 16 117 тонна күріш жиналып, орташа өнімділік гектарына 41 центнерге жетті. Сонымен қатар мал шаруашылығының қажеттілігі үшін 160,9 мың тонна мал азығы дайындалды.
Ауданда әлеуметтік инфрақұрылымды дамытуға да басымдық берілген. Қазіргі уақытта әлеуметтік осал топтарға арналған 207 пәтердің құрылысы жүргізілуде. Бақбақты, Ақдала және Жиделі ауылдарындағы ауызсу жүйелерін жаңғырту жұмыстары қараша айының соңына дейін аяқталуы тиіс. Биыл Бақанас ауылының жаңа ықшамауданы мен Ақжар ауылына газ желісі тартылды.
Денсаулық сақтау саласында да жаңа нысандар пайдалануға берілмек. Атап айтқанда, Қарой ауылындағы дәрігерлік амбулатория мен Көкжиде ауылындағы фельдшерлік-акушерлік пункттің құрылысын жыл соңына дейін аяқтау жоспарланған.
Кездесуде облыс әкімі өңірдің жалпы экономикалық көрсеткіштеріне де тоқталды. Тоғыз айдың қорытындысы бойынша Алматы облысының қысқа мерзімді экономикалық индикаторы 113,3 пайызды құрады. Алдағы міндеттердің бірі – жалпы өңірлік өнім көлемін 7,5 триллион теңгеге жеткізу. Қазіргі уақытта облыста жалпы құны 173,3 миллиард теңге болатын төрт инвестициялық нысан іске қосылып, тағы бір ірі жобаның құрылысы басталған.
Өңірде әлеуметтік нысандарды жаңғырту жұмыстары да жалғасуда. Қонаев қаласында тәулігіне 300 бала қабылдайтын емхананы қалпына келтіру және 640 орындық Шоқан Уәлиханов атындағы №2 мектеп-лицейді күрделі жөндеу қолға алынды. Алматы көпсалалы клиникалық ауруханасын тұрақты жылумен қамтамасыз ету үшін қуаттылығы 12 МВт болатын қазандық салынып жатыр. Ал Н. Тілендиев ауылында жедел жәрдем станциясы, полиция пункті мен өрт сөндіру бөлімін біріктіретін кешенді нысанның құрылысы аяқталуға жақын.
Балқаш ауданына қатысты бірқатар маңызды жобалар да облыс әкімінің назарында. Олардың қатарында Бақанас ауылындағы кинотеатр ғимаратын тарихи келбетін сақтай отырып жаңғырту, Балқаш аграрлық-индустриялық колледжінің жатақханасын жөндеу және Бақбақты ауылындағы Жамбыл Жабаев атындағы №1 орта мектептің күрделі жөндеу жұмыстарын аяқтау бар.
Бұдан бөлек, Іле өзенінің жағалауын нығайту, «Тасмұрын» магистральды каналындағы су ысырабын азайту және оның өткізу қабілетін арттыру мәселелері қарастырылды. Ауданда туризм мен ауыл шаруашылығы саласындағы инвестициялық жобаларды мемлекеттік қолдау тетіктері арқылы дамытуға да көңіл бөлінбек.
«Бұл жұмыстардың барлығы ауданның әлеуметтік жағдайын жақсартуға, экономикалық мүмкіндіктерін кеңейтуге және тұрғындар үшін қолайлы орта қалыптастыруға бағытталған. Берілген тапсырмалардың орындалуы тұрақты бақылауда болады», – деді Шыңғыс Әрінов.
Кездесудің негізгі бөлігі тұрғындардың сауалдарына арналды. Аудан халқы жолдардың сапасы, газ және электр желілерінің жағдайы, «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша несие алу және ветеринария саласындағы мәселелерді көтерді.
Атап айтқанда, Ақжар ауылының тұрғыны елді мекенге газ құбыры тартылғанымен, үйлердің әлі күнге көгілдір отынға қосылмағанын жеткізді. Жауапты мамандардың мәліметінше, жоба бойынша мердігер анықталған. Тұрғын үйлерді газға қосу жұмыстары келесі жылы басталады.
Жол мәселесі де назардан тыс қалмады. Тұрғындардың бірі «Топар – Қаншеңгел» автомобиль жолының тозығы жеткенін айтып, жөндеу қажеттігін көтерді. Жауапты тұлғалар аталған учаскеде қалпына келтіру жұмыстары алдағы күндері басталатынын хабарлады.
Сондай-ақ Бақанас ауылындағы Ыбырай Алтынсарин көшесінің ұзақ уақыттан бері аяқталмай келе жатқан жөндеу жұмыстары сөз болды. Белгілі болғандай, бұған дейін екі мердігер ұйым жосықсыз деп танылған. Қазіргі уақытта жоба қайта әзірленіп жатыр. Құрылыс жұмыстарын келесі жылдың жазында қайта бастау жоспарланған.
Жергілікті кәсіпкерлер де өз ұсыныстарын жеткізді. Облыстық маңызы бар жол бойында қымызхана мен тамақтану орнын ашқан кәсіпкер нысанын дамыту үшін газ тарту және электр қуатын арттыру мәселесіне қолдау сұрады. Сала мамандары бұл мәселені кәсіпкерлікті қолдау бағдарламалары аясында қарастыруға болатынын түсіндірді. Кездесу қорытындысында облыс әкімі көтерілген мәселелердің әрқайсысы назарда болатынын атап өтіп, жауапты басқармалар мен аудан басшылығына нақты тапсырмалар жүктеді. Тұрғындар тарапынан айтылған ұсыныстар мен өтініштердің орындалуы бақылауға алынбақ.





