Мемлекет басшысы қазір өтіп жатқан Жолдауында ауылдық аумақтарды дамыту мемлекеттің тұрақты назарында екенін атап өтті. Сонымен қатар қалалардың ел экономикасын өркендетудегі рөліне ерекше мән берді.
«Біз ауыл-аймақтарды дамыту мәселесін әрдайым ерекше бақылауда ұстаймыз. Ауылдағы тұрғындардың лайықты өмір сүруі үшін барынша жағдай жасап отырмыз. Алайда, қазір экономика, білім мен технологияның тірегі де, таланттарды шыңдайтын да негізгі қалалар екенін атап өткен жөн», – деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, қалалардың дамуы өңірлердің экономикалық әлеуетін арттырып, тұтас мемлекеттің өркендеуіне ықпал етеді.
«Сайып келгенде, қуатты қалалар қуатты аймақтардың, ал қуатты аймақтар күшті мемлекеттің негізін қалайды. Сондықтан әрбір ірі қаланың Үкімет бекіткен нақты орта және ұзақ мерзімдегі даму жоспары болуға тиіс», – деді Мемлекет басшысы.
Президент Үкіметке әкімдіктермен бірлесіп, қала инфрақұрылымының цифрлық сыңарын әзірлеуді тапсырды. Бұл қалалық инфрақұрылымды жоспарлау мен басқару тиімділігін арттыруға бағытталған.
Сондай-ақ Мемлекет басшысы қалалардың қауіпсіз, жайлы әрі көрікті болуын қамтамасыз ету маңызды мемлекеттік міндет екенін атап өтті.
«Қалалардың қауіпсіз, жайлы, көрікті болуына басымдық, яғни приоритет ретінде қарай отырып, бұл істі аса маңызды мемлекеттік міндет деп қабылдау керек. Бұл – «Таза Қазақстан» жалпыұлттық тұжырымдамасына толық сай келетін талап», – деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев қалалардың қарқынды дамуы өңір экономикасының өсуіне және адами әлеуеттің артуына тікелей әсер ететінін жеткізді.
«Егер қала қарқынды дамитын болса, сол өңірдің экономикасы да өркендейді, адами әлеуеті де артады», – деді Мемлекет басшысы.





