Мәдени шара Өтеген батыр ауылындағы Нұрғиса Тілендиев атындағы Мәдениет үйінде ұйымдастырылды. Фестиваль «Qazaq Community Development» қорының жетекшісі Марат Жапаровтың бастамасымен және Алматы облысы әкімдігінің қолдауымен өтті.
Бастаманың негізгі мақсаты – ерекше қажеттіліктері бар балалардың шығармашылық әлеуетін дамыту, олардың қоғамдық және мәдени өмірге белсенді қатысуына мүмкіндік жасау, сондай-ақ инклюзивті мәдениетті қалыптастыру. Фестиваль аясында Мәдениет үйінің фойесінде қайырымдылық жәрмеңкесі ұйымдастырылды. Ал концерттік бағдарламаның шымылдығын Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық халық аспаптар оркестрі ашты. Салтанатты шараға қатысқан Іле ауданы әкімінің орынбасары Асхат Садықов жас өнерпаздарға қолдау білдіріп, олардың шығармашылық жетістіктеріне тоқталды.
«Құрметті қонақтар, қадірлі қатысушылар, ата-аналар мен тәлімгерлер! «Жүректен жүрекке» фестивалі әрқайсымызға жүрек жылуын жеткізіп, шынайы қуаныш пен ізгілік сыйлайды. Бүгінгі күн баршаңыз үшін шаттыққа, жарқын әсерге және ақжарма көңілге толы болсын. Сахна төріне талантымен, өнерімен дараланған балалар шығып, өз шеберліктерін көрсеткелі отыр. Балаларға деген қамқорлығымыз бен осы мерекедегі ізгі көңіл-күйіміз ешқашан толастамасын», – деді Асхат Садықов.
Концерт барысында жас өнерпаздар өздерінің шығармашылық қабілеттерін көпшілікке таныстырды. Олардың сахнадағы өнері көрермендердің ерекше ықыласына ие болды. Фестивальде жас таланттарды өнерге баулып жүрген ұстаздар мен тәлімгерлердің еңбегі де атап өтілді. Балалардың шығармашылық жетістіктеріне қолдау көрсетіп, олардың дамуына жағдай жасап жүрген мамандарға алғыс білдірілді. Мерекелік бағдарламаның әсерлі сәттерінің бірі – балалардың қатысуымен ұйымдастырылған би флешмобы болды. Жас өнерпаздар сахнаға бірге көтеріліп, әуен ырғағымен би биледі. Концерт Зейнеп Өтегендінің орындауындағы «Жүректен жүрекке» композициясымен қорытындыланды. Шара соңында фестивальге қатысқан балаларға дипломдар, естелік сыйлықтар мен ақшалай жүлделер табысталды.
«Жүректен жүрекке» фестивалі ерекше қажеттіліктері бар балалардың шығармашылық мүмкіндіктерін танытуға арналған мәдени алаңға айналды. Сонымен қатар шара инклюзивті қоғам қалыптастыруда өнердің маңызын көрсетіп, әр баланың қабілетін дамытуға тең мүмкіндік берудің қажеттігін тағы бір мәрте айқындады.





