Қазіргі уақытта облыста 1 миллион 652 мыңнан астам тұрғынға тәулік бойы жедел медициналық көмек көрсетіледі. Өңірдегі жедел жәрдем жүйесі Қонаев қаласындағы орталық станцияны, 13 аудандық қосалқы станцияны, ауылдық елді мекендердегі 66 орналасу пунктін және бір медициналық авиация бөлімшесін қамтиды. Тұрғындарға шұғыл көмек көрсету үшін 147 жедел жәрдем бригадасы жұмыс істейді. Бұдан бөлек, емханалар жанынан құрылған 42 мобильді бригада медициналық көмек көрсетеді.
Мамандардың айтуынша, жедел жәрдемнің оқиға орнына жету уақыты науқастың жағдайына және шақыртудың жеделдік санатына байланысты анықталады. Қолданыстағы талаптарға сәйкес, шақыртулар төрт санатқа бөлінеді. Бірінші санаттағы, яғни адам өміріне тікелей қауіп төнген жағдайларда медициналық бригада 10 минут ішінде жетуі тиіс. Екінші санат бойынша бұл уақыт – 15 минут, үшінші санатта – 30 минут, ал төртінші санатта 60 минутқа дейін белгіленген.
«Жедел медициналық жәрдем қызметінің басты міндеті – пациентке мүмкіндігінше қысқа мерзімде жетіп, оның жағдайын бағалау және қажетті медициналық көмекті көрсету. Шақыртулардың жеделдік санаты пациенттің жағдайына қарай анықталады. Сондықтан тұрғындар денсаулығына немесе өміріне қауіп төнген жағдайда 103 нөміріне дереу хабарласуы керек», – деді Шолпан Нұрғалиева.
Жедел жәрдем қызметі тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде көрсетіледі.
Атап айтқанда, адам есінен танғанда, тыныс алуы немесе жүрек қызметі тоқтағанда, қатты ентіккенде, кеуде тұсы қатты ауырғанда, көп мөлшерде қан кеткенде, ауыр жарақат алғанда, сондай-ақ сөйлеу немесе қозғалу қабілеті кенеттен бұзылған жағдайда 103 нөміріне хабарласу қажет. Қоңырауды қабылдаған диспетчер науқастың жағдайын анықтап, шақыртудың жеделдік санатын белгілейді. Осыдан кейін тиісті медициналық бригада жіберіледі. Ал өмірге тікелей қауіп төндірмейтін төртінші санаттағы шақыртулардың бір бөлігі емханалардың мобильді бригадаларына жолданады. Олар жұмыс күндері сағат 08:00-ден 19:00-ге дейін, сенбіде 08:00-ден 12:00-ге дейін қызмет көрсетеді. Қалған уақытта мұндай шақыртуларды жедел жәрдем бригадалары қабылдайды. Бұл жүйе шұғыл медициналық көмекке мұқтаж науқастарға басымдық беруге мүмкіндік береді.
Алматы облысында шалғай елді мекендердің көп болуы медициналық авиация қызметінің маңызын арттырады. Әсіресе ауыр халдегі науқастарды мамандандырылған медициналық мекемелерге жеткізу мен шұғыл көмек көрсету кезінде бұл қызметтің рөлі ерекше. Ресми мәліметке сәйкес, 2026 жылдың тоғыз айында медициналық авиация қызметі аясында 210 шала туған нәресте тасымалданған. Арнайы транспорттық инкубаторларды пайдалану арқылы 356 тасымалдау жүзеге асырылған. Сонымен қатар білікті мамандардың қатысуымен 277 операция жасалған. Жүрек-қан тамырлары ауруларына байланысты 143, түрлі жарақаттарға қатысты 183 жағдайда медициналық көмек көрсетілген. Акушерлік-гинекологиялық бағытта 40 медициналық көмек көрсету жағдайы тіркеліп, 744 консультациялық кеңес берілген.
Мамандардың айтуынша, жедел медициналық жәрдем жүйесінің тиімділігі тек бригадалардың санына ғана емес, шақыртуларды дұрыс саралауға, медициналық қызметтердің өзара үйлесімді жұмысына және пациенттерді қажетті медициналық мекемелерге уақытылы жеткізуге де байланысты. Осыған байланысты тұрғындарға 103 қызметін шұғыл жағдайларда дұрыс пайдалану, диспетчерге науқастың жағдайы туралы нақты ақпарат беру және медициналық мамандардың нұсқауларын орындау ұсынылады.





