Анар Болымбай – Шеңгелді ауылдық округіне қарасты Кербұлақ ауылының тумасы. Жоғары оқу орнын тәмамдағаннан кейін туған жеріне оралып, ауыл мектебіне жұмысқа орналасқан. Бүгінде ол ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалармен жұмыс істеп, олардың сөйлеу дағдыларын дамытуға және білім алуына қолдау көрсетіп келеді.
«Өзім осы Шеңгелді ауылдық округінің Кербұлақ ауылында туып-өстім. Кейін жоғары оқу орнын тәмамдап, туған жеріме қызмет ету үшін қайта оралдым. Мұнда жұмыс істеп жатқаныма екі жылға жуық уақыт болды. Жылына 30-дан астам баланы қабылдаймын», – дейді жас маман.
Екі баланың анасы үшін баспаналы болу – отбасылық өміріндегі маңызды оқиғалардың бірі. Ол биыл мемлекеттік бағдарламаға қатысуға өтініш беріп, тұрғын үй сатып алуға арналған бюджеттік несие рәсімдеген. Анар Болымбай туған ауылында еңбек етіп, кәсіби қызметін жалғастыруға мүмкіндік алғанына қуанышты екенін жеткізді.
«Туған жерімде еңбек етіп жүргеніме өте қуаныштымын. Барша ауыл тұрғындарын алда келе жатқан Республика күнімен құттықтаймын! Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын! Әр отбасыға баспаналы болу бұйырсын!», – деді ол.
Қонаев қаласында «Дипломмен ауылға» бағдарламасы аясында ауылдық елді мекендерге жұмысқа орналасқан мамандарды әлеуметтік қолдау шаралары жүзеге асырылып келеді. Биыл 22 маманға көтерме жәрдемақы төлеу үшін бюджеттен 9 миллион 515 мың теңге бөлініп, қаржы толық игерілген. Сонымен қатар сегіз маманды тұрғын үймен қамтамасыз етуге арналған бюджеттік несиеге 69 миллион 200 мың теңге қарастырылған. Бағдарлама талаптарына сәйкес, бір маманға берілетін көтерме жәрдемақы мөлшері 100 айлық есептік көрсеткішті немесе 432 500 теңгені құрайды. Ал тұрғын үй сатып алуға арналған бюджеттік несие көлемі 2 000 АЕК-ке, яғни 8 миллион 650 мың теңгеге дейін жетеді. Қазіргі уақытта бюджеттік несие есебінен бір маман баспаналы болған. Тағы үш маманның құжаттары рәсімделіп жатыр, ал үш маман несие алу кезегінде тұр.
«Дипломмен ауылға» бағдарламасы ауылдық жерлердегі кадр тапшылығын азайтуға және білікті мамандарды елді мекендерге тартуға бағытталған. Әсіресе білім беру, денсаулық сақтау және басқа да әлеуметтік маңызы бар салаларда еңбек ететін жастар үшін мұндай қолдау маңызды.





