Кездесуде алдағы сайлау науқанын ұйымдастыру тәртібі, кандидаттарды ұсыну және тіркеу кезеңдері, сайлауалды үгіт жүргізу мерзімдері мен қолданыстағы заңнама талаптары талқыланды. Жиын барысында сайлау науқанының күнтізбелік жоспары таныстырылды. Оған сәйкес, мәслихат депутаттығына кандидаттарды ұсыну 14 қазанда басталып, 27 қазанға дейін жалғасады. Кандидаттарды тіркеу 1 қараша күні сағат 18:00-де аяқталады.
Сайлауалды үгіт кезеңі 1 қарашадан 28 қарашаға дейін белгіленген. Ал дауыс беру 29 қарашада өтеді. Жалпы сайлау науқаны 48 күнге созылады.
Облыстық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Мейрамгүл Айтова саяси партия өкілдеріне сайлау рәсімдерінің құқықтық негіздерін түсіндіріп, кандидаттар мен олардың сенім білдірілген адамдарының, байқаушылардың және бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің құқықтары мен міндеттеріне тоқталды.
Комиссия төрағасының айтуынша, сайлау процесінің барлық кезеңінде заң талаптарының сақталуы, рәсімдердің ашықтығы мен қатысушылардың өз өкілеттіктерін дұрыс жүзеге асыруы маңызды. Жиында депутаттыққа кандидаттарға қойылатын негізгі талаптар да айтылды. Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, мәслихат депутаты болып Қазақстан Республикасының 20 жасқа толған азаматы сайлана алады. Сонымен қатар заңда белгіленген шектеулер қолданылады.
Партиялық тізім бойынша кандидаттарды ұсыну құқығы саяси партияларға берілген. Ал бірмандатты сайлау округтері бойынша кандидаттарды саяси партиялар, қоғамдық бірлестіктер және заңда көзделген тәртіппен азаматтардың өздері ұсына алады.
Сайлау комиссиясы ұсынған мәліметке сәйкес, Алматы облысында сайлаушылардың жалпы саны 1 044 803 адамды құрайды. Жыл басынан бері сайлаушылар тізіміндегі азаматтар саны 14 532 адамға артқан.
Өңірде сайлау науқанын ұйымдастыруға 899 сайлау комиссиясы жұмылдырылмақ. Олардың құрамында 5 827 адам қызмет атқарады. Сонымен қатар облыс аумағында 683 сайлау учаскесі жұмыс істейді.
Жарияланған ақпарат бойынша, Алматы облысында 12 мәслихатқа депутаттар сайланады. Оның ішінде облыстық, қалалық және аудандық мәслихаттар бар.
Мәслихат депутаттары бес жыл мерзімге жалпыға бірдей, тең және төте сайлау құқығы негізінде жасырын дауыс беру арқылы сайланады. Олар жергілікті халықтың мүддесін білдіріп, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына, бюджет пен жергілікті маңызы бар мәселелерге қатысты шешімдер қабылдауға қатысады.
Жиын қорытындысында саяси партия өкілдеріне сайлау заңнамасының талаптарын қатаң сақтау, кандидаттарды ұсыну мен тіркеу рәсімдерін белгіленген мерзімде жүргізу және сайлау процесінің ашықтығын қамтамасыз ету қажеттігі ескертілді.





