Көгалдандыру жұмыстарын «Жасыл қала Қонаев» коммуналдық мекемесінің қызметкерлері жүргізді. Жасыл желектер қала келбетін көркейту, экологиялық жағдайды жақсарту және тұрғындарға қолайлы орта қалыптастыру мақсатында отырғызылды.
Бұған дейін Индустриальная көшесінің бойына 1000 түп қараған, 15 қарағай, 10 терек, 100 катальпа және жеміс ағаштары егілген болатын. Енді олардың қатары 2050 түп аршамен толықты.
Аршаның басты ерекшелігі – жыл бойы жасыл түсін сақтайтындығы. Сондықтан жаңадан егілген өсімдіктер көше көркін тек көктем мен жазда ғана емес, күз бен қыс мезгілдерінде де айшықтай түседі. Ал қараған, қарағай, терек, катальпа мен жеміс ағаштары аумақтың жасыл желекке бөленуіне ықпал етеді.
Индустриальная көшесі – Қонаев қаласына кіреберістегі маңызды жолдардың бірі. Осыған байланысты аталған аумақты абаттандыру мен көгалдандыруға ерекше көңіл бөлініп отыр.
Айта кетейік, биыл Қонаев қаласында 18 мыңға жуық ағаш отырғызылды. Қаланы көгалдандыру және абаттандыру жұмыстары алдағы уақытта да жалғасады.





