Қала әкімдігінің мәліметінше, былтырдан бері Инвентарная көшесіндегі №1 және №2 үйлердің тұрғындары жаңа пәтерлерге толық көшірілген. Аталған екі үйде барлығы 16 пәтер болған. Бүгінде №2 үй сүріліп, №1 үйді бұзу жұмыстары жүргізілуде.
Бағдарламаның келесі кезеңінде осы көшедегі тағы төрт үйдің тұрғындарын көшіру жоспарланған. Атап айтқанда, №3, №4, №5 және №6 үйлерде жалпы саны 32 пәтер бар.
Қазіргі уақытта жергілікті бюджет қаражаты есебінен тұрғындарды көшіруге арналған 10 пәтер сатып алынған. Тағы бес пәтерді сатып алу рәсімдері жүргізіліп жатыр. Қалған баспаналарды сатып алу үшін қажетті қосымша қаржы бөлінгеннен кейін мемлекеттік сатып алу жұмыстары жалғасады.
Сонымен қатар қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі меншік иелерімен түсіндіру жұмыстарын жүргізуде. Мамандар тұрғындарға ұсынылған пәтерлерді көрсетіп, олардың жазбаша келісімдерін алуда және қажетті құжаттарды рәсімдеуде.
Жауапты мамандардың айтуынша, апатты ғимараттарды бұзу кезінде тұрғындардың қауіпсіздігі басты назарда болады.
«Апатты үйлер барлық тұрғын толық көшіріліп, пәтерлер босатылғаннан кейін ғана сүріледі. Бұл талап олардың өмірі мен денсаулығын қорғауға бағытталған. Өйткені ғимараттың бір бөлігінде адамдар тұрып жатқан кезде оны бұзу немесе жартылай бос қалдыру қауіпті жағдай туғызуы мүмкін», – деп түсіндірді жауапты мамандар.
Осыған байланысты әрбір тұрғынды жаңа баспанамен қамтамасыз ету және көшіру рәсімдерін толық аяқтау маңызды. Апатты үйлерді сүру жұмыстары тұрғындар түгел көшірілгеннен кейін ғана жүзеге асырылады.
Қонаев қаласында қолға алынған бұл шаралар ескірген тұрғын үй қорын жаңартуға, апатты ғимараттар мәселесін кезең-кезеңімен шешуге және тұрғындардың қауіпсіз өмір сүруіне жағдай жасауға бағытталған.





