Жаңа ферма «Хеппи Фарм» шаруа қожалығының базасында бой көтеруде. Жобаны жүзеге асыру үшін кәсіпорын 1,4 млрд теңге көлемінде жеңілдетілген несие алған. Қазіргі таңда шаруашылықта 35 адам тұрақты жұмыспен қамтылған.
Фермада тәулігіне 4–5 тонна сүт өндіріліп, дайын өнім еліміздегі ірі сүт өңдеуші кәсіпорындар – «ФудМастер» және «Milk Day» компанияларына жеткізіледі. Жаңа өндірістік қуаттарды іске қосу ауданның сүт өндіру әлеуетін арттырып, жергілікті ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу көлемін ұлғайтуға мүмкіндік бермек.
Ауданда сүт шаруашылығын дамытуға бағытталған тағы бір ірі жоба қолға алынған. Ақсеңгір ауылдық округінде «ГенаФонд» ЖШС 600 басқа арналған сүт-тауарлы ферма салуда. Жобаның жалпы құны 2,4 млрд теңгені құрайды. Бүгінде құрылыс жұмыстарының 75 пайызы орындалған.
Сонымен қатар «Көк теңіз» ЖШС жүгеріні қайта өңдеу және құрама жем өндіру бағытындағы жобаларды жүзеге асыруда. Бұл бастамалар мал шаруашылығын қажетті жемшөппен қамтамасыз етуге және агроөнеркәсіп саласындағы өндірістік байланысты нығайтуға бағытталған.
Жалпы, Жамбыл ауданында ауыл шаруашылығы экономиканың жетекші салаларының бірі саналады. 2026 жылдың алғашқы сегіз айында ауданда 49 млрд теңгенің ауыл шаруашылығы өнімі өндірілген. Оның ішінде ет өндірісі 10 мың тоннадан, сүт көлемі 23 мың тоннадан асқан. Ал жұмыртқа өндірісі 60 млн данаға жеткен.
Өсімдік шаруашылығында да оң динамика байқалады. Биыл ауыл шаруашылығы дақылдарының егіс алқабы 106,4 мың гектарды құрап, өткен жылмен салыстырғанда 1 702 гектарға ұлғайған.
Жер ресурстарын тиімді пайдалану бағытында да жұмыстар жүргізілуде. Атап айтқанда, жалпы аумағы 9 мың гектар болатын 27 жер учаскесі мемлекет меншігіне қайтарылған.
Ауданда су үнемдеу технологияларын енгізуге ерекше көңіл бөлініп отыр. Қазіргі уақытта 22,7 мың гектар суармалы жердің 15,3 мың гектарында су үнемдеу әдістері қолданылады. Бұл су тапшылығы жағдайында ауыл шаруашылығының өнімділігін сақтауға және табиғи ресурстарды ұтымды пайдалануға мүмкіндік береді.





