Бұл туралы Алматы облысы бойынша Бала құқықтары жөніндегі уәкіл мәлімдеді. Оның айтуынша, өңірде аталған жүйенің жұмыс тәртібін түсіндіруге бағытталған ақпараттық жұмыстар жүргізілген.
Жүйенің негізгі мақсаты – балаларға қатысты туындаған мәселелерді жекелеген мекемелердің құзыреті шеңберінде ғана қарастырмай, жауапты мемлекеттік органдар мен тиісті қызметтердің бірлескен әрекетін қамтамасыз ету.
Әсіресе, баланың қауіпсіздігіне, денсаулығына немесе психологиялық жағдайына қатер төнген кезде ақпарат алмасу мен жедел әрекет етудің маңызы зор.
«Ең бастысы – балаға қатысты ақпараттың бір қызметтен екіншісіне өткен кезде жоғалмауы, әрбір жағдай бойынша жауапты қызметтердің нақты айқындалуы және балаға көрсетілетін көмектің соңына дейін сүйемелденуі», – деп атап өтті өңірлік уәкіл.
Жаңа алгоритм аясында 14 қызмет пен құрылымның өзара іс-қимылы қарастырылған.
Олардың қатарында аудан әкімінің орынбасары, Бала құқықтары жөніндегі уәкіл, білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік қорғау, жастар саясаты және спорт салаларының уәкілетті органдары бар.
Сондай-ақ бұл жұмысқа психологиялық қолдау қызметтері, Жастар ресурстық орталығы, Кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссия, полиция, прокуратура және Отбасын қолдау орталығы тартылады.
Мұндай үйлестіру баланың мәселесін жан-жақты қарастыруға мүмкіндік береді. Мәселен, балаға психологиялық көмек қажет болған жағдайда, оның әлеуметтік жағдайы, отбасындағы ахуалы және қауіпсіздігіне қатысты мәселелер де назардан тыс қалмауы тиіс.
Жүйенің маңызды бағыттарының бірі – балалардың өмірі мен денсаулығына төнуі мүмкін қауіптерді ерте кезеңде анықтау.
Бұл ретте жауапты қызметтер арасындағы ақпарат алмасу, жағдайды уақтылы бағалау және қажетті көмекті ұйымдастыру шешуші рөл атқарады.
Жаңа тәсілдің ерекшелігі – баланың мәселесі бір мекемеден екіншісіне жолданғаннан кейін де бақылаусыз қалмауы. Әрбір жағдай бойынша жауапты қызметтер айқындалып, көрсетілетін көмек жүйелі түрде сүйемелденуі көзделген.
Өңірлік уәкілдің ұстанымынша, балалардың құқықтарын қорғау тек білім беру немесе құқық қорғау органдарының міндеті емес. Бұл – бірнеше саланың бірлескен жауапкершілігін талап ететін жұмыс.
«Бір баланың мәселесі – бір ғана ведомствоның мәселесі емес», – деп атап өтті Бала құқықтары жөніндегі уәкіл.
Осылайша, Алматы облысында қалыптастырылып жатқан ведомствоаралық жүйе балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, психологиялық денсаулығын қорғауға және қиын жағдайға тап болған әрбір балаға қажетті көмектің уақытылы көрсетілуіне бағытталған.





