Жарыс 7–8 қазан күндері Талғар қаласындағы №2 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде өтеді. Турнирге 2007–2009 жылдары туған спортшылар қатысып, 10 салмақ дәрежесі бойынша жүлделерді сарапқа салады. Ең жеңіл салмақ дәрежесі – 55 келі, ал ең жоғарысы – 130 келіден жоғары.
Жарыстың алғашқы белдесулері 7 қазан күні сағат 10:30-да басталды. Турнирдің салтанатты ашылу рәсімі осы күні сағат 12:30–13:30 аралығында өтеді.
Жеке есептегі жеңімпаздар мен жүлдегерлер әр жарыс күнінің қорытындысы бойынша, яғни 7 және 8 қазанда марапатталады. Үздік нәтиже көрсеткен балуандарға тиісті дәрежедегі медальдар мен грамоталар, сондай-ақ ақшалай сыйлықтар табысталады.
Турнирді Алматы облысының дене шынықтыру және спорт басқармасы, Алматы облыстық «Бұқаралық спорт клубы», Қазақстан Республикасының грек-рим, еркін және әйелдер күресі федерациясы және аталған федерацияның Алматы облысындағы өкілдігі ұйымдастырып отыр.
Екі күндік бәсеке жас балуандардың дайындық деңгейін бағалап қана қоймай, болашақта ел намысын ірі жарыстарда қорғайтын талантты спортшыларды анықтауға мүмкіндік беретін алаң болмақ.





