Қазақстан мен Германия арасындағы дипломатиялық қарым-қатынасқа биыл 34 жыл толып отыр. Осы уақыт ішінде екі ел арасында сауда-экономикалық және инвестициялық байланыстар жүйелі түрде дамып келеді. 2005 жылдан бері Германиядан Қазақстан экономикасына 8 млрд АҚШ долларынан астам тікелей инвестиция тартылған. Қазіргі таңда елімізде неміс капиталының қатысуымен мыңнан астам компания жұмыс істейді.
Германия Алматы облысының да маңызды сауда серіктестерінің бірі саналады. 2025 жылдың қорытындысы бойынша өңірдің жалпы сыртқы сауда айналымы 2,87 млрд АҚШ долларын құраса, оның ішінде Германиямен арадағы тауар айналымы 147 млн долларға жеткен.
Кездесуде тараптар экономикалық байланысты одан әрі нығайтуға мүмкіндік беретін бірқатар перспективалы бағытқа тоқталды. Атап айтқанда, агроөнеркәсіптік кешенді дамыту, ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу, машина жасау, заманауи технологияларды енгізу және цифрландыру салаларындағы ықтимал бірлескен жобалар талқыланды.
Сонымен қатар экология, денсаулық сақтау және туризм салаларындағы ынтымақтастыққа, сондай-ақ тұрғындар үшін жайлы әрі қолжетімді орта қалыптастыруға бағытталған әлеуметтік бастамаларға назар аударылды.
Кездесу қорытындысында тараптар өзара тиімді әріптестікті дамытуға және инвестициялық әрі әлеуметтік бағыттағы жаңа жобаларды жүзеге асыру мүмкіндіктерін қарастыруға мүдделі екенін білдірді.





