Жаңа ереже бойынша тұрғындар үйінің айналасындағы бес метрге дейінгі аумақты таза әрі тиісті жағдайда ұстауы қажет. Атап айтқанда, қоқысты уақтылы жинау, арамшөптер мен шамадан тыс өскен шөпті шабу, үй маңын таза ұстау меншік иесінің міндетіне кіреді.
Қалада жүргізілген мониторинг барысында бірқатар жеке тұрғын үйлердің маңында шөптің шамадан тыс өсіп кеткені және іргелес аумақтардың талапқа сай күтіп ұсталмағаны анықталған. Мұндай жағдай көшелердің көркін бұзып қана қоймай, қаланың санитарлық жағдайына да кері әсер етуі мүмкін.
Қазіргі уақытта коммуналдық қызмет мамандары анықталған аумақтарды ретке келтіру жұмыстарын жүргізіп жатыр. Шөп шабылып, қоқыс шығарылып, үй маңындағы аумақтар тазартылуда.
Қала әкімдігі тұрғындарға абаттандыру талаптарын сақтау меншік иелерінің міндеті екенін еске салды. Белгіленген талаптарды орындамаған жағдайда Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне сәйкес әкімшілік жауапкершілік қарастырылған.
Осыған байланысты жеке үй иелеріне өз ауласымен қатар, үйге іргелес бес метрге дейінгі аумақтың тазалығын да тұрақты бақылауда ұстау қажет.





