Жыл басынан бері қала аумағында 19 стихиялық қоқыс орны жойылған. Қазіргі уақытта «Қазақстан Ғарыш Сапары» геопорталында Қонаев аумағында қоқыс үйінділері тіркелмеген. Соған қарамастан, қалада анықталған өзге де заңсыз қоқыс орындарын тазарту жұмыстары жалғасуда.
Бұл жұмыстарды «Жасыл қала Қонаев» мекемесі жүргізіп жатыр. Тазалық шараларына 30-ға жуық қызметкер мен 4 арнайы техника жұмылдырылған.
Сонымен қатар «Таза Қазақстан» акциясы мен «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында тұрғындарға тазалық сақтау және қаланы абаттандыру талаптары түсіндіріліп, заң бұзған азаматтар әкімшілік жауапкершілікке тартылуда.
Мәселен, тамыз айында ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 505-бабы – қалалар мен елді мекендердің аумақтарын абаттандыру қағидаларын бұзу бойынша 149 адамға ескерту берілді. Бір жеке тұлғаға 43 250 теңге көлемінде айыппұл салынды.
Ал ӘҚБтК-нің 434-2-бабында көзделген ортақ пайдаланылатын орындарды ластау дерегі бойынша 64 875 теңге көлемінде айыппұл салынған.
Қонаев қаласының әкімдігі тұрғындарды тұрмыстық қалдықтарды тек арнайы белгіленген орындарға тастауға, қоршаған ортаны ластамауға және қала тазалығын сақтауға шақырады.





