Алматы облысы әкімшілік-аумақтық тұрғыда қайта құрылып, облыс орталығы Қонаев қаласына көшірілді. Осы аралықта өңір экономикасының көлемі екі есеге жуық өсіп, инвестициялық белсенділік артты, жаңа өндірістер іске қосылып, әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымды жаңғырту жұмыстары жүргізілді.
Өңір экономикасы 6,8 триллион теңгеге жетті
Сұлтанғазиев Алматы облысын басқаруға келген 2022 жылы өңірдің жалпы өңірлік өнімі шамамен 3,4 триллион теңгені құраған еді. Бүгінде бұл көрсеткіш 6,8 триллион теңгеге жуықтады. Нәтижесінде Алматы облысы жалпы өңірлік өнім көлемі бойынша республикадағы оныншы орыннан көшбасшы бес өңірдің қатарына көтерілді.
Өнеркәсіп саласында да өсім байқалды. Өндіріс көлемі 1,6 триллион теңгеден 2,6 триллион теңгеге дейін артты. Оның шамамен 90 пайызы өңдеу өнеркәсібінің үлесіне тиесілі. Бұл облыс экономикасында шикізаттық емес сектордың маңызы арта түскенін көрсетеді.
Өңірдің инвестициялық тартымдылығы да айтарлықтай күшейді. Төрт жыл ішінде негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 614 миллиард теңгеден 1,35 триллион теңгеге дейін өсті. Жалпы құны 724 миллиард теңгені құрайтын 98 инвестициялық жоба іске асырылып, шамамен 11 мың жаңа жұмыс орны ашылды.
Бюджеттің трансфертке тәуелділігі төмендеді
Экономикалық өсім облыстың қаржылық мүмкіндігіне де әсер етті. Осы кезеңде жергілікті бюджеттің меншікті кірістері 2,4 есе артқан. Ал республикалық бюджеттен берілетін трансферттердің үлесі 33 пайыздан 13 пайызға дейін төмендеді.
Бұған дейін облыста Қарасай және Іле аудандары донор аумақтар қатарында болса, кейін олардың қатарына Еңбекшіқазақ, Талғар, Жамбыл аудандары мен Қонаев қаласы қосылды. Бұл бірқатар аудан мен қаланың өз кірісін ұлғайтып, қаржылық дербестігін күшейткенін аңғартады.
Төрт жылда 75 мектеп ашылды
Алматы облысы үшін ең күрделі мәселелердің бірі – халық санының қарқынды өсуіне байланысты әлеуметтік инфрақұрылымға түсетін салмақ. Әсіресе Алматы агломерациясына кіретін аудандарда мектеп тапшылығы өткір сезілді.
2022 жылы облыста үш ауысымда білім беретін 52 мектеп болған. Қазір олардың саны 23-ке дейін азайды. Төрт жыл ішінде өңірде 75 жаңа мектеп ашылды.
Тек биыл жаңа оқу жылы қарсаңында жалпы 4200 оқушыға арналған бес жаңа білім ошағы пайдалануға берілді. Дегенмен халық саны тұрақты өсіп келе жатқандықтан, білім беру инфрақұрылымын кеңейту облыс үшін алдағы уақытта да негізгі міндеттердің бірі болып қала бермек.
Қонаевтың жаңа облыс орталығы ретінде қалыптасуы
Марат Сұлтанғазиевтің әкімдік кезеңіндегі негізгі міндеттердің бірі – Қонаев қаласын жаңа облыс орталығы ретінде қалыптастыру болды.
Қалада инженерлік желілерді жаңарту және жаңа әкімшілік нысандар салу жұмыстары қолға алынды. Қонаевтың ұзақмерзімді даму жоспарына әлеуметтік және мәдени инфрақұрылымды кеңейту де енгізілген.
Алдағы уақытта қалада театр, «Қонаев Арена», Оқушылар сарайы және өзге де ірі әлеуметтік нысандар салу жоспарланып отыр. Бұл жобалар жүзеге асқан жағдайда Қонаевтың тек әкімшілік емес, өңірдің мәдени, қоғамдық және туристік орталығы ретіндегі рөлі де күшеймек.
3,7 миллион шаршы метр тұрғын үй салынды
Халық санының өсуі тұрғын үй құрылысының қарқынын арттыруды да талап етті. Соңғы төрт жылда Алматы облысында 3,7 миллион шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді.
Осы кезеңде 6,6 мың азамат баспанамен қамтылды. Олардың қатарында әлеуметтік осал топ өкілдері де бар.
Сонымен қатар жаңа тұрғын аудандардың көбеюі жол, су, электр желілері, кәріз жүйесі, мектеп, балабақша мен медициналық нысандарға деген сұранысты арттырды. Сондықтан тұрғын үй құрылысымен қатар инженерлік және әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту мәселесі өңір үшін өзектілігін сақтап отыр.
Ауыл шаруашылығы: 528 мың гектар жер мемлекетке қайтарылды
Ауыл шаруашылығы Алматы облысы экономикасының негізгі салаларының бірі болып қала берді. Өңір ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемі бойынша республикада екінші орында және елдегі жалпы өнімнің 11,6 пайызын қамтамасыз етеді.
2022–2025 жылдары пайдаланылмай жатқан 528 мың гектар ауыл шаруашылығы жері мемлекет меншігіне қайтарылды.
Су тапшылығы мәселесін шешу бағытында да бірқатар жұмыстар жүргізілді. Төрт жыл ішінде суару желілерін жаңғыртуға 16,3 миллиард теңге бағытталды. Су үнемдеу технологиялары суармалы жерлердің 41,2 пайызына енгізілді.
Дегенмен климаттық жағдай мен су ресурстарына түсетін салмақты ескерсек, аграрлық секторды тұрақты сумен қамтамасыз ету алдағы кезеңдегі басты міндеттердің бірі болып қала береді.
Туристер саны артып, жаңа бағыттар дамыды
Алматы облысының туристік әлеуеті де соңғы жылдары белсенді игеріле бастады. Биылғы жаз маусымының өзінде Қапшағай су қоймасына екі миллионнан астам адам келген.
Көлсай көлдері мен Қайыңды, Көшпенділер қалашығы секілді туристік нысандардың инфрақұрылымын жақсарту жұмыстары жүргізіліп, бірқатар танымал бағыттарға апаратын жолдар жөнделді.
Сонымен бірге облыс республикалық және халықаралық деңгейдегі спорттық, мәдени және бұқаралық іс-шараларды қабылдайтын өңірлердің біріне айналды. Туристік ағынның өсуі Қонаев қаласы мен табиғи туристік аймақтардағы сервистік инфрақұрылымды одан әрі дамыту қажеттігін де алға шығарып отыр.
Жаңа әкімге қандай міндеттер қалады?
Марат Сұлтанғазиевтің төрт жылдық басқару кезеңінде Алматы облысы әкімшілік бөліністен кейінгі қалыптасу кезеңінен өтіп, бірқатар негізгі экономикалық көрсеткіштер бойынша өсім көрсетті. Жалпы өңірлік өнім 3,4 триллион теңгеден 6,8 триллион теңгеге жуықтап, инвестиция көлемі екі еседен астам артты. Жаңа өндірістер ашылып, ондаған мектеп салынды, Қонаевтың облыс орталығы ретіндегі инфрақұрылымы қалыптаса бастады.
Сонымен бірге жаңа басшылыққа шешімін күтетін бірқатар жүйелі мәселе қалады. Ең алдымен, бұл – Алматы агломерациясындағы халық санының өсуіне ілесе алмай отырған әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылым, мектеп пен коммуналдық желілер тапшылығы, ауыл шаруашылығын тұрақты сумен қамтамасыз ету мәселесі.
Бұған қоса, басталған ірі инвестициялық және инфрақұрылымдық жобаларды толық аяқтау, Қонаевты жаңа облыс орталығы ретінде одан әрі дамыту және экономикалық өсімді халықтың өмір сапасына айналдыру міндеті тұр.
Осылайша, Сұлтанғазиев басқарған кезең Алматы облысы үшін бір жағынан жаңа әкімшілік орталық пен экономикалық өсім қалыптасқан уақыт ретінде есте қалса, екінші жағынан қарқынды урбанизация туындатқан жаңа міндеттер айқындалған кезең болды.





