Үкімет отырысында Серік Жұманғарин 2027-2029 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық даму болжамының жобасын таныстырды. Оның айтуынша, құжат әлемдік экономиканың даму перспективалары мен сыртқы нарықтардағы қазіргі ахуалды ескере отырып әзірленген.
Министр сыртқы экономикалық сын-қатерлердің сақталуына қарамастан, Қазақстан экономикасында оң динамика жалғасатынын атап өтті.
«Сыртқы сын-қатерлердің сақталуына қарамастан, Қазақстан экономикасы өсуін жалғастырады. Базалық сценарийге сәйкес, 2027-2029 жылдары жалпы ішкі өнімнің орташа жылдық нақты өсімі 5%-дан жоғары деңгейде болжанып отыр. Номиналды ЖІӨ 2027 жылғы 199,3 трлн теңгеден 2029 жылы 245 трлн теңгеге дейін ұлғаяды», – деді Серік Жұманғарин.
Осылайша, болжам бойынша үш жыл ішінде Қазақстанның номиналды жалпы ішкі өнімі 45,7 трлн теңгеге артады.
Серік Жұманғарин экономикалық өсімнің негізгі драйверлерінің бірі мұнайға жатпайтын секторлар болатынын айтты. Экономиканың осы салаларындағы өндіріс көлемінің артуы елдегі жалпы экономикалық өсімді қамтамасыз етеді деп күтіліп отыр.
2027-2029 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық даму болжамы алдағы кезеңдегі ел экономикасының негізгі көрсеткіштері мен даму бағыттарын айқындайды.





