Өңірде таңғы сағат 07:00-ден бастап 683 сайлау учаскесі жұмысын бастады.
Облыс орталығындағы №956 сайлау учаскесінде дауыс беру Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Әнұранымен басталды. Мұнда алғашқылардың бірі болып Қонаев қаласының құрметті азаматы Амангелді Беспаев келді. Ақсақал жиналған жұртқа бата беріп, ел үшін маңызды саяси науқанда дұрыс таңдау жасауға шақырды.
«Еліміз өркендей берсін! Жасаған таңдауымыз келер ұрпақтың игілігіне қызмет етсін. Барша жерлестеріме амандық, бірлік пен береке тілеймін», – деді Амангелді Беспаев.
Алматы облысындағы барлық сайлау учаскесі қажетті материалдық-техникалық құралдармен жабдықталған. Сондай-ақ байқаушылардың, сенім білдірілген адамдар мен бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің жұмыс істеуіне қажетті жағдай жасалған.
Сайлау кезінде дауыс беру процесінің қолжетімділігіне де ерекше назар аударылды. Өңірде ерекше қажеттілігі бар 2 122 сайлаушы дауыс беруге қатыса алады. Учаскелерде арнайы кабиналар, пандустар, тактильді көрсеткіштер мен қолжетімді ақпараттық материалдар қарастырылған.
Денсаулық жағдайына байланысты сайлау учаскесіне өздігінен келе алмайтын тұрғындарға заңнамаға сәйкес тұрғылықты жері бойынша, яғни дауыс беруге арналған үй-жайдан тыс жерде таңдау жасау мүмкіндігі берілген.
Сайлау күніне дейін Алматы облысының тұрғындарына 1 миллионнан астам шақыру табысталды. Ал дауыс беру күні өз елді мекенінен тыс жерде болатын азаматтарға 2 238 есептен шығару куәлігі берілді.
Құрылтай сайлауын халықаралық байқаушылар да бақылап отыр. Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының мәліметінше, 42 шет мемлекет пен 13 халықаралық ұйымнан 777 халықаралық байқаушы аккредиттелген.
Сайлау учаскелері заңнамада белгіленген уақытқа дейін жұмыс істейді. Алматы облысының тұрғындары дауыс беру арқылы өздерінің конституциялық құқығын жүзеге асырып, жаңа Құрылтай құрамын қалыптастыруға қатыса алады.





