Қор мәліметінше, марқұмның туыстары құқық қорғау органдарына жүгініп, істің жан-жақты әрі объективті тергелуін сұраған. 23 шілдеде әйел күйеуінің соққысына ұшырап, қолы сынған. Арада үш күн өткенде, 26 шілдеде ол көз жұмған. Қазіргі уақытта өлімнің ресми нұсқасы – өз-өзіне қол жұмсау. Марқұмның артында екі жасар егіз балалары қалды.
Туыстары мен құрбыларының сөзінше, әйел отбасында ұзақ уақыт бойы психологиялық, экономикалық және физикалық зорлық-зомбылыққа ұшыраған болуы мүмкін. Осыған байланысты олар суицид нұсқасын мұқият тексеріп, оқиғаның барлық мән-жайын анықтауды және куәгерлерден жауап алуды сұрап отыр. Сондай-ақ істі Қылмыстық кодекстің 110-бабының 2-бөлігі – «Қинау» бойынша қосымша саралау мәселесін қарастыруды ұсынған.
Бұл мәліметтер әзірге марқұмның жақындары мен қордың мәлімдемесіне негізделген. Істің нақты мән-жайын тергеу анықтайды.
Алматы облысы Полиция департаменті адамды өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізу фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады.
«Тергеу барысында болған оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға бағытталған қажетті іс-шаралар жүргізіліп жатыр. Іс бойынша тиісті сараптамалар тағайындалды», – деп хабарлады полиция.
Ведомство өкілдері тергеу барысында барлық тараптың уәждері тексеріліп, оның қорытындысы бойынша тиісті процессуалдық шешім қабылданатынын айтады. Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес, тергеу мүддесіне байланысты істің өзге деректері жария етілмейді.
Қазақстанда тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселесі өзекті
«НеМолчиKZ» қорының оқиға туралы жазбасынан кейін әлеуметтік желілерде қызу пікірталас басталды. Қолданушылар әйелдерге қатысты зорлық-зомбылық жағдайларына алаңдаушылық білдірген.
Бас прокуратураның деректеріне сәйкес, 2025 жылы Қазақстанда отбасылық-тұрмыстық салада әйелдерді өлтіруге қатысты 55 қылмыстық іс аяқталған. 2024 жылы мұндай 42 іс, ал 2023 жылы 53 іс тіркелген.
Қазіргі уақытта Алматы облысындағы әйелдің өліміне қатысты тергеу жалғасып жатыр. Әйелдің өлімі мен бұған дейін болған болжамды зорлық-зомбылық арасында байланыс бар-жоғын тергеу мен сараптама нәтижелері анықтайды.





