Мәлімет бойынша, қалдықтарды Беларусьтен келген туристер тобы тау бағытымен сапарлау кезінде тапқан. Олар табылған заттарды фото және видеоға түсіріп, орналасқан жерінің координаттарын жедел қызметтерге берген. Алайда әзірге қалдықтарды таудан түсіру мәселесі шешілмеген.
Оқиға туралы Анастасия Ахметова Facebook желісіндегі парақшасында жазды. Оның айтуынша, Беларусьтен келген туристер екі аптаға созылған таулы сапардан 16 тамызда оралып, мұздықта түсірілген видеоны көрсеткен.
Ахметова жағдай туралы жедел қызметтерге хабарлауға тырысқанын айтады. Оның сөзінше, 112 нөміріне қоңырау шала алмаған соң, 109 қызметіне хабарласқан. Кейін мамандар ұсынған WhatsApp нөміріне табылған қалдықтардың фотосуреттері, видеосы және нақты координаттары жіберілген.
Автордың мәліметінше, аталған бағытта адам денесі немесе сүйектеріне ұқсас қалдықтардың жатқаны туралы ақпарат бұған дейін де кездескен. Атап айтқанда, 2025 жылы осы бағытта болған ресейлік туристік топтың есебінде ұқсас дерек келтірілген.
Осыған байланысты Ахметова қалдықтардың мұздықта кемінде бір маусымнан бері жатуы мүмкін екенін болжаған. Дегенмен бұл ақпарат ресми түрде расталған жоқ.
Сондай-ақ Беларусь туристері жолда Санкт-Петербургтен келген саяхатшыларды кездестірген. Ахметованың айтуынша, олар жақын маңнан табылған рюкзактағы құжаттарды алып, Төтенше жағдайлар министрлігінің қызметкерлеріне тапсыруға ниет білдірген. Алайда құжаттардың құтқарушыларға жеткізілген-жеткізілмегені әзірге белгісіз.
Кейін Анастасия Ахметова Алматы облысының Төтенше жағдайлар департаментімен байланысқанын хайтты. Оның сөзінше, ведомство өкілдері жағдай туралы ақпарат полицияға берілгенін айтқан.
Алайда қалдықтарды таудан түсіру жұмыстарын бастау үшін ТЖД полициядан ресми өтініш күтіп отырғаны хабарланған. Жарияланған ақпарат бойынша, сол сәтте мұндай өтініш әлі түспеген.
Ахметова құқық қорғау органдарынан табылған қалдықтардың кімге тиесілі екенін анықтап, оларды мұздықтан алып шығу шараларын қабылдауды сұрады. Сондай-ақ қажет болған жағдайда ДНҚ сараптамасын жүргізу қажеттігін атап өтті.
Северцов мұздығы Алматы облысының Талғар ауданындағы жетуі қиын биік таулы аумақта орналасқан. Ауа райының нашарлауы мен қардың түсуі іздеу және эвакуациялау жұмыстарын қиындатуы мүмкін.
Айта кетейік, қазіргі уақытта туристер тапқан қалдықтардың адам сүйегі екені ресми түрде расталған жоқ. Сондай-ақ олардың кімге тиесілі екені белгісіз. Нақты қорытынды тиісті сараптама мен тергеу нәтижесінде анықталады.





