Облыс әкімінің мәліметінше, үш ауысымды оқыту мәселесін шешу мақсатында соңғы төрт жылда өңірде 75 жаңа мектеп ашылып, алты қосымша жапсаржай салынған. Мемлекет қолдауының нәтижесінде жалпы 24 900 оқушыға арналған 26 «Келешек мектеп» пайдалануға берілді.
Сонымен қатар биыл жоспарланған он мектептің күрделі жөндеу жұмыстары аяқталды. Тағы екі білім беру нысанын жыл соңына дейін пайдалануға беру көзделген.
Бірінші сыныпқа 32 мыңнан астам бала қабылданды
Жаңа оқу жылында Алматы облысындағы 502 мектепте 385 мыңға жуық оқушы білім алады. Оның ішінде 32 мыңнан астам бала бірінші сыныпқа қабылданған.
Өңірде оқушылар саны жыл сайын артып келеді. Осыған байланысты жаңа мектептер салу білім беру саласындағы негізгі міндеттердің бірі болып отыр.
Осы мақсатта EPC+F тетігі арқылы 5 100 оқушыға арналған бес жалпы білім беретін мектептің тізімі бекітілген. Бұдан бөлек, Алматы агломерациясына кіретін ауылдарда Алматы қаласының бюджеті есебінен тағы бес мектеп салу жөнінде келіссөздер жүргізілген.
Оқушыларды жатақханамен қамтамасыз ету мәселесі де назарда. Биыл 200 орындық бір жатақхананың құрылысы аяқталды. Жыл соңына дейін жалпы 500 орынға арналған тағы үш жатақхананы іске қосу жоспарланып отыр.
Білім саласына 458 млрд теңге бөлінді
Марат Сұлтанғазиевтің айтуынша, биыл облыстың білім беру саласына 458 млрд теңге қарастырылған. Оның ішінде оқулықтар сатып алуға 3,3 млрд теңге бөлінді.
Жаңа оқу жылында жекелеген санаттарға жататын 63 мың оқушы мектеп формасы және оқу құралдарымен қамтамасыз етіледі. Ал «Мектепке жол» акциясы аясында демеушілердің көмегімен тағы 18 мың балаға қолдау көрсетіледі.
Сондай-ақ 185 мың оқушы тегін ыстық тамақпен қамтылады.
Шалғай елді мекендердегі балаларды мектепке тасымалдауға 3 млрд теңге бөлінген. Бұл қаражат есебінен 29 мыңнан астам оқушыны тасымалдау жоспарланып отыр.
Мектептерде 203 заманауи кабинет ашылады
Қазіргі уақытта Алматы облысындағы барлық мектеп интернет желісіне қосылған. Білім беру ұйымдарының 87,9 пайызы жаңа модификациядағы оқу кабинеттерімен жабдықталған.
Биыл 78 мектепте қосымша 203 заманауи кабинет ашу жоспарланған. Сонымен бірге 2020 педагог біліктілікті арттыру курсынан өтеді.
Оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында да бірқатар шара қолға алынған. Білім беру ұйымдарында жедел басқару орталығына қосылған 27 мың бейнебақылау камерасы жұмыс істейді. Бұдан бөлек, 213 мектеп арнайы күзет қызметімен қамтамасыз етілген.
Облыс әкімі жаңа оқу жылына дайындық жұмыстары бекітілген жоспарға сәйкес жүргізіліп жатқанын және бұл мәселе тұрақты бақылауда екенін атап өтті.





