Спартакиаданың басты ерекшелігі – күнделікті спортшыларды дайындап, жарыстар ұйымдастырып жүрген сала мамандарының бұл жолы өздері спорт алаңына шығып, бақ сынауы.
Жарыстың салтанатты ашылуында Алматы облысының дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының міндетін атқарушы Жансерік Әдиахметов қатысушыларды кәсіби мерекелерімен құттықтады.
«Бүгін мұнда Алматы облысында спортты күн сайын дамытып жүрген азаматтар жиналып отыр. Алайда бүгін сіздер ұйымдастырушы да, төреші де емессіздер – өздеріңіз спорттық додаға қатысушысыздар. Мұндай жарыстар командалық рухты нығайтып, спорттың ең алдымен жеке үлгіден басталатынын еске салады», – деді Жансерік Әдиахметов.
Кешенді жарыстар бірнеше спорт алаңында ұйымдастырылды. Қонаев қаласының жағажайындағы «Кроссфит» спорт алаңында жағажай волейболы, стритбол, мас-рестлинг және армрестлингтен сайыстар өтті.
Ал облыстық спортты дамыту дирекциясының стадионында қатысушылар дойбы, арқан тарту және шағын футболдан өзара мықтыны анықтады.
Жағажай волейболы мен стритболда жылдамдық пен командалық үйлесімділік маңызды болса, мас-рестлинг пен армрестлинг қатысушылардың күші мен төзімділігін сынға салды. Арқан тартуда командалардың бірлігі сыналса, шағын футболда жылдамдық пен тактикалық шеберлік алдыңғы орынға шықты. Дойбы жарысында қатысушылар логикалық ойлау мен дәл есептеуден шеберлік танытты.
«SPORT GAMES – 2026» спартакиадасын Алматы облысының дене шынықтыру және спорт басқармасы мен облыстық «Бұқаралық спорт клубы» ұйымдастырды.
«Бұқаралық спорт клубының» директоры Қайыржан Бейсембетовтің айтуынша, мұндай жарыстар тұрғындарды белсенді өмір салтына ынталандырып қана қоймай, спорттық мәдениетті дамытуға да ықпал етеді.
«Алматы облысында бұқаралық спортты дамыту жұмыстары жүйелі түрде жүргізіліп, халықты дене шынықтырумен тұрақты айналысуға тарту үшін қажетті жағдайлар жасалуда. Спортқа деген қызығушылықтың артып келе жатқанын көріп отырмыз. Мұндай іс-шаралар денсаулықты нығайтумен қатар, спорттық мәдениетті қалыптастыруға да ықпал етеді», – деді Қайыржан Бейсембетов.
Жарысқа алғаш рет қатысқан Ақжол Тәмен де спартакиаданың сала мамандары үшін тәжірибе алмасып, командалық рухты нығайтатын мүмкіндік болғанын атап өтті.
«Бұл біз үшін жай ғана жарыс емес, өзімізді сынап, командалық рухты сезініп, Спорт күнін бірге атап өтудің жақсы мүмкіндігі. Мұнда спорт саласында күн сайын еңбек етіп жүрген адамдар жиналғандықтан, бәсекелестік те жоғары болды», – деді ол.
Тартысты бәсекелердің қорытындысында жалпыкомандалық есеп бойынша «Жігер» олимпиадалық спорт түрлері бойынша мамандандырылған балалар-жасөспірімдер спорт мектебі бірінші орынға ие болды.
Екінші орынды Кеген ауданының балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің командасы иеленсе, үшінші орын облыстық спорттық жекпе-жек түрлері бойынша мамандандырылған балалар-жасөспірімдер спорт мектебіне бұйырды.
«SPORT GAMES – 2026» спартакиадасы Спорт күніне арналған іс-шаралар бағдарламасының бір бөлігіне айналып, өңірдегі спорт саласы мамандарының басын бір алаңда қосты.





