Оқиға Қарасай ауданында болған. ҚР ТЖМ «Барыс» республикалық құтқару қызметінің мамандары Үлкен Алматы шыңы маңында жоғалған турист қызды іздеуге шыққан.
Іздестіру барысында құтқарушылар Аю-Сай және Проходное шатқалдарын, Терра алаңы мен Алёшкин көпірі аумағын тексерді. Нәтижесінде турист Проходное шатқалындағы сарқыраманың маңынан табылды.
Қыздың жағдайы қанағаттанарлық болған, медициналық көмек қажет болмаған. Құтқарушылар оны таудан төмен түсіріп, Алматы қаласы Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлеріне тапсырды.
Алайда құтқару жұмыстары мұнымен аяқталған жоқ. Кері қайтып келе жатқан кезде Космостанция ауданында аяғын жарақаттап алған тағы бір турист туралы хабар түскен.
Құтқарушылар дереу оқиға орнына барып, зардап шеккен адамға алғашқы медициналық көмек көрсетті. Кейін турист қауіпсіз жерге түсіріліп, Апаттар медицинасы орталығының бригадасына тапсырылды.
Осылайша, бір құтқару операциясы барысында мамандар жоғалған туристі тауып, жарақат алған тағы бір адамға көмек көрсетті.





