Президент Абайдың шығармашылық және зияткерлік мұрасы әлемдік әрі ұлттық мәдениеттің асыл қазынасынан ерекше орын алатынын айтты.
«Абай ілімі – рухани шамшырағымыз, айнымас темірқазығымыз. Ақын жұртшылықты толғандыратын көкейкесті мәселелерді бүкпесіз айтып, халқымызды бейқамдық пен жалқаулықтан аулақ болуға шақырды. Хакімнің «Толық адам» идеясы – әрбір азаматты рухани кемелденуге үндейтін және ешқашан өзектілігін жоғалтпайтын мазмұны терең тұжырым», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы биылғы Абай күні елімізде жүріп жатқан ауқымды өзгерістермен тұспа-тұс келгеніне назар аударды. Президент Қазақстанның Халық Конституциясының заңды күшіне енуі биліктің барлық институттарын түбегейлі жаңғырту үдерісін бастағанын атап өтті.
Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев алдағы Құрылтай сайлауына тоқталып, бір палаталы Парламент реформаларды сапалы әрі тиімді жүзеге асыруға тың серпін беретініне сенім білдірді.
Президент елдегі өзгерістердің түпкі мақсаты жасампаздық құндылықтарын азаматтардың санасына сіңіріп, Қазақстанның жаңа қарқынмен дамуына жол ашу екенін айтты. Оның сөзінше, қоғамда жаңа этиканы қалыптастыру, ұлттық бірегейлікті нығайту және гуманистік идеалдарды дәріптеу ісінде Абай мұрасының орны ерекше.
Мемлекет басшысы ұлы ақынның білімпаздық, еңбекқорлық пен жауапкершілік туралы ойларының бүгінгі қоғам үшін де өзекті екенін атап өтті. Сондай-ақ Абайдың бірлік пен келісімді сақтау жөніндегі өсиеттеріне назар аударды.
«Абай қара сөздерінің тағылымы қазіргі Қазақстанның құндылықтарымен толық үндеседі. «Адал Азамат», «Таза Қазақстан», «Заң мен Тәртіп» тұғырнамалық идеялары – Абай армандаған берекелі қоғамның берік негізі. Сондықтан біз Әділетті, Озық әрі Қуатты Қазақстанды құрып жатырмыз», – деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев ұлы ойшылдың мол мұрасы алдағы уақытта да өскелең ұрпақты отаншылдық пен туған елге деген сүйіспеншілік рухында тәрбиелеуге рухани азық болатынына сенім білдірді.
Мемлекет басшысы сөз соңында барша қазақстандықтарға амандық пен табыс тілеп, Абай күнімен құттықтады.





