Алматы облысы Полиция департаменті патрульдік полиция батальонының қызметкерлері ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің үйлестіруімен жол қозғалысы ережелерінің сақталуын бақылауға бағытталған кешенді жұмыстар жүргізуде.
Апат қаупі жоғары автомобиль жолдарында тәртіп сақшылары «Қорғау» автоматтандырылған жүйесі мен ұшқышсыз ұшу аппараттарын пайдаланады. Заманауи технологиялардың көмегімен жолдағы жағдай бақыланып, жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзу деректері анықталады.
Полицейлер әсіресе жол қозғалысына қатысушылардың өмірі мен денсаулығына тікелей қауіп төндіретін әрекеттерге басымдық береді. Олардың қатарында қарсы қозғалыс жолағына шығу, қауіпті маневр жасау, белгіленген жылдамдықты асыру және басқа да қауіпті әрекеттер бар.
Полицияның мәліметінше, мұндай құқық бұзушылықтарды дер кезінде анықтап, жолын кесу жолдағы қауіпті жағдайлардың алдын алуға және жол-көлік оқиғаларының санын азайтуға мүмкіндік береді.
Алматы облысы Полиция департаменті бастығының тапсырмасына сәйкес профилактикалық іс-шаралар өңірде тұрақты түрде жүргізіледі. Демалыс және мереке күндері көлік қозғалысының қарқыны бірнеше есе артатындықтан, бұл кезеңде жол қауіпсіздігіне ерекше назар аударылады.
Полиция өкілдері жүргізіліп жатқан шаралардың негізгі мақсаты жүргізушілерді жазалау емес екенін атап өтті. Басты міндет — қауіпті құқық бұзушылықтардың дер кезінде жолын кесіп, ықтимал жол-көлік оқиғаларының алдын алу және жол қозғалысына қатысушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету.





