Оқиға 5 тамыз күні Талғар ауданындағы теңіз деңгейінен 3510 метр биіктікте орналасқан ҚР ТЖМ «Қазселденқорғау» мемлекеттік мекемесінің «Тоғызақ» биік таулы гидробекетінде болған. Сегіз адамнан тұратын туристік топтан екі адамға шұғыл медициналық көмек қажет болғандықтан, құтқарушыларға хабар берілген.
Алдын ала мәлімет бойынша, 25 жастағы турист қыз қорғаныс каскасын кигеніне қарамастан, үстіне тас құлап, басынан жарақат алған. Ал 32 жастағы ер адам құлап, қолын жарақаттап, сынуы мүмкін деген күдік туындаған.
Операцияны жүргізуге қолайсыз ауа райы айтарлықтай қиындық туғызды. Қалың тұман, ұзаққа созылған жауын-шашын, биік таулы жер бедері және ұшу биіктігіне байланысты шектеулер салдарынан авиацияны бірден пайдалану мүмкін болмады.
Сол себепті ТЖМ-нің «Барыс» республикалық жедел-құтқару жасағының мамандары зардап шеккендерге Сол жақ Талғар шатқалы арқылы жаяу аттанды. Құтқарушылар түні бойы жол жүріп, таңға жуық «Тоғызақ» гидробекетіне жетіп, туристердің жағдайын тексеріп, алғашқы көмек көрсетті.
Ауа райы қолайлы болғаннан кейін зардап шеккендер ТЖМ-нің «Қазавиақұтқару» тікұшағымен «Медеу» алаңына жеткізілді. Онда оларды Апаттар медицинасы орталығының медицина қызметкерлері күтіп алып, алғашқы медициналық тексеруден өткізді. Кейін туристер қосымша ем алу үшін медициналық мекемеге жеткізілді.
Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметінше, құтқарушылар мен авиация бөлімшелерінің үйлесімді әрі жедел әрекетінің арқасында операция сәтті аяқталды. Қазіргі уақытта шетелдік туристердің өмірі мен денсаулығына қауіп төніп тұрған жоқ.





