Аурухананың хирургия бөлімшесіне 1990 жылы туған науқас асқазан қатерлі ісігінің ауыр асқынуларымен шұғыл түрде жеткізілген. Дәрігерлердің мәліметінше, ісік асқазаннан шығып, көлденең тоқ ішекке таралған. Сонымен қатар асқазан мен тоқ ішек арасында гастроколикалық жыланкөз пайда болып, ісіктің перфорациясы салдарынан асқазан ішіндегісі құрсақ қуысына төгілген. Соның нәтижесінде науқаста шұғыл хирургиялық көмекті талап ететін жергілікті нәжістік перитонит дамыған.
Кешенді тексеруден кейін мамандар науқасқа дереу операция жасау туралы шешім қабылдады.
Операцияны хирург Тахир Шкуралиев орындады. Оған хирургтер Айжарық Шерхан мен Серік Сабаев ассистент болды. Анестезиологиялық қамтамасыз етуді анестезиолог-реаниматолог Қуаныш Телагусов жүргізді.
Ота барысында дәрігерлер ісік зақымдаған асқазан мен тоқ ішектің бөліктерін алып тастап, ас қорыту жүйесін қайта қалпына келтіретін бірнеше реконструктивті кезеңді бір мезгілде орындады. Сондай-ақ құрсақ қуысы тазартылып, дренаж орнатылды.
Мамандардың айтуынша, мұндай хирургиялық араласулар онкоабдоминалдық хирургиядағы ең күрделі операциялардың қатарына жатады. Өйткені олар жоғары кәсіби шеберлікті, дәлдікті және науқастың өміріне қауіп төнген жағдайда жедел шешім қабылдауды талап етеді.
Дәрігерлер бұл жағдай дер кезінде қойылған диагноз, шұғыл медициналық көмек және тәжірибелі мамандардың үйлесімді жұмысының арқасында аса күрделі клиникалық жағдайларда да науқастың өмірін сақтап қалуға болатынын тағы бір мәрте дәлелдейтінін атап өтті.





