Чемпионаттың басты мақсаты – тамыз айында Ақтөбе қаласында өтетін Қазақстан Республикасының ардагерлер арасындағы асық ату және бес асық чемпионатына қатысатын Алматы облысының құрамасын жасақтау.
Бүгінде Алматы облысы ұлттық спорт түрлерін жүйелі дамытып келе жатқан өңірлердің бірі саналады. Соңғы жылдары облыста түрлі жас санаттары бойынша жарыстардың саны артып, асық ату мен бес асыққа қызығушылық тұрақты өсіп келеді. Мұны спортшылардың республикалық деңгейдегі жоғары нәтижелері де дәлелдейді.
Алматы облыстық асық ату және бес асық федерациясының президенті Назым Байырбаевтың айтуынша, федерация құрылған төрт жылдың ішінде ұлттық спортты дамыту бағытында жүйелі жұмыстар атқарылған.
«Федерациямыздың құрылғанына небәрі төрт жыл болды. Осы уақыт ішінде тұрақты жұмыс жүйесі қалыптасты. Биылдың өзінде әртүрлі жас санаттары бойынша алты облыстық турнир өткіздік. Ең бастысы – спортшыларымыз республикалық жарыстарда тұрақты түрде чемпион әрі жүлдегер атанып келеді. Ардагерлер спортының орны ерекше. Олар ұлттық дәстүрді сақтап қана қоймай, өз тәжірибесін жас буынға үйретіп, ұлттық спортқа деген сүйіспеншіліктің өмір бойы жалғасатынын дәлелдеп жүр», – деді Назым Байырбаев.
Жарыстың бас төрешісі Еркін Рақымбаевтың сөзінше, қазіргі таңда жеңіске жету үшін мергендіктің өзі жеткіліксіз. Психологиялық дайындық, дұрыс тактика және соңғы сәтке дейін жинақылықты сақтай білу де маңызды рөл атқарады.
«Қатысушылардың басым бөлігі бұл спортпен ондаған жыл бойы айналысып келеді. Сондықтан жарыс өте тартысты өтті. Осындай чемпионаттар республикалық деңгейде ел намысын қорғайтын мықты құраманы іріктеуге мүмкіндік береді», – деді Еркін Рақымбаев.
Қатысушылардың айтуынша, бұл жарыс олар үшін тек Қазақстан чемпионатына жолдама алу ғана емес, көптен көріспеген әріптестерімен қауышып, ұлттық спорт арқылы тәжірибе алмасуға мүмкіндік берген маңызды алаң болды.
Әйелдер арасындағы бес асық жарысының жеңімпазы, Қарасай ауданынан келген Гахар Сагиева ұлттық спорттың ұрпақтарды жақындастыратын күшке ие екенін атап өтті.
«Біз үшін бұл жарыс – достармен кездесіп, тәжірибе алмасуға әрі жасымызға қарамастан сүйікті спортпен айналысуды жалғастыра алатынымызды дәлелдеуге мүмкіндік. Әсіресе, ойындарымызды балалар мен жастардың келіп тамашалағаны қуантады. Олар ұлттық спортты жалғастырады деп сенемін», – деді Гахар Сагиева.
Жеңімпаздар анықталды
50 жастан жоғары ерлер арасында:
- І орын – Ипрат Срайлов (Еңбекшіқазақ ауданы);
- ІІ орын – Қанат Тилимесов (Еңбекшіқазақ ауданы);
- ІІІ орын – Талғат Иманбаев (Райымбек ауданы).
60 жастан жоғары ерлер арасында:
- І орын – Қуаныш Чурумбаев (Жамбыл ауданы);
- ІІ орын – Жанболат Куныпянов (Райымбек ауданы);
- ІІІ орын – Миргалим Жоргенбаев (Қарасай ауданы).
70 жастан жоғары ерлер арасында:
- І орын – Тұрғанбек Бекетаев (Қарасай ауданы);
- ІІ орын – Ақболат Сабаканов (Еңбекшіқазақ ауданы);
- ІІІ орын – Амангелді Маткаримов (Еңбекшіқазақ ауданы).
Әйелдер арасындағы бес асық жарысында Қарасай ауданының өкілдері Гахар Сагиева, Нұрсұлу Дарибаева және Ақмарал Нұрмағамбетова жүлдегерлер қатарынан көрінді.
Жалпы командалық есепте:
- І орын – Еңбекшіқазақ ауданы;
- ІІ орын – Қарасай ауданы;
- ІІІ орын – Жамбыл ауданы.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай жарыстар ұлттық спортты дәріптеп қана қоймай, аға буынның белсенді өмір салтын насихаттауға және жастардың асық ату мен бес асыққа қызығушылығын арттыруға ықпал етеді.





