Облыс прокуратурасының мәліметінше, өңірдегі криминогендік жағдайды талдау нәтижесінде жеке адамға қарсы жасалатын әрбір үшінші қылмыстың алкогольдік масаң күйде жасалатыны белгілі болған. Осыған байланысты өңірде профилактикалық және бақылау шаралары күшейтілген.
Алматы облысының прокуратурасы полиция және мемлекеттік кірістер органдарымен бірлесіп алкоголь өнімдерін заңсыз өткізудің жолын кесуге бағытталған жүйелі жұмыстарын жалғастырып келеді.
Екі күнде ондаған құқық бұзушылық анықталды
10 және 11 шілде күндері облыс прокуратурасының бастамасымен ұйымдастырылған рейдтік іс-шаралар барысында алкоголь өнімдерін өткізу кезінде заң талаптарының бұзылуына қатысты жеті дерек тіркелді.
Сондай-ақ Қонаев қаласының жағалауындағы демалыс орындарында алкоголь өнімдерін заңсыз сатудың үш фактісі анықталып, кінәлі тұлғалар әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Рейд қорытындысында заңсыз айналымнан 1100-ден астам алкоголь өнімі тәркіленді.
Бұдан бөлек, қоғамдық орындарда алкоголь ішімдіктерін ішудің 51 фактісі анықталса, көлік құралын алкогольдік масаң күйде басқарудың алты дерегінің жолы кесілді.
Тексеру нәтижесінде алкоголь өнімдерін сатуға берілген лицензиядан үш сауда нысаны айырылды.
Жыл басынан бері 60 рейд өткізілген
Прокуратураның мәліметінше, жыл басынан бері өңірде алкоголь өнімдерінің заңсыз айналымына қарсы 60 рейдтік іс-шара ұйымдастырылған.
Соның нәтижесінде 240 сауда нысаны әкімшілік жауапкершілікке тартылып, оның ішінде 14 кәсіпкер алкоголь өнімдерін сатуға берілген лицензиясынан айырылған.
Қадағалау органы алкоголь өнімдерін заңсыз өткізу заңнамаға сәйкес әкімшілік жауапкершілікке әкелетінін еске салды. Мұндай құқық бұзушылықтар үшін ірі көлемде айыппұл салынып, заңсыз өнім тәркіленеді, сондай-ақ кәсіпкер алкоголь өнімдерін сату лицензиясынан айырылуы мүмкін.





