Мамандардың мәліметінше, қатты жауын-шашын салдарынан беткейлік су ағыны қалыптасып, өзендер арнасынан асуы мүмкін. Соның салдарынан өзен жайылмаларындағы елді мекендер, шаруашылық нысандары мен жергілікті маңызы бар жолдарды су басу қаупі бар.
Қазіргі таңда Алматы облысындағы гидрологиялық жағдай тәулік бойы бақылауда. Өзендер мен сел қаупі бар аумақтарда бақылау бекеттері жұмыс істеп, мамандар су деңгейін үздіксіз қадағалап отыр. Егер жағдай күрделенсе, құтқару қызметтері күшейтілген жұмыс режиміне көшеді.
Сонымен қатар мореналық көлдердің жай-күйі де тұрақты бақылауға алынған. Әзірге олардың жарылу қаупі тіркелген жоқ.
Төтенше жағдайлар қызметі тұрғындар мен туристерге ауа райы тұрақталғанға дейін таулы аймақтарға бармауға, өзен жағалауларында демалмауға және ресми ескертулерді мұқият қадағалауға кеңес береді.
Еске салайық, биыл 1 шілдеде нөсер жаңбырдан кейін Алматы облысындағы Ақсай және Қаскелең шатқалдарында тасқын болып, бірқатар инфрақұрылым нысандарына зақым келген еді. Осыған байланысты өңірдегі сел қаупі жоғары аумақтар ерекше бақылауға алынған.





