Синоптиктердің мәліметінше, ыстық ауа райы Орталық Азия мен Таяу Шығыс аймақтарынан келген құрғақ әрі ыстық ауа массаларының әсерінен қалыптасып отыр. Осыған байланысты алдағы үш тәулікте жауын-шашын күтілмейді.
Әсіресе Алматы облысының шығыс бөлігінде күндізгі ауа температурасы +35…+38 градусқа, ал өңірдің жекелеген аумақтарында +40…+45 градусқа дейін көтеріледі.
«Қазгидромет» 17 шілде сағат 20:00-ден 20 шілде сағат 20:00-ге дейін табиғи өрт қаупіне байланысты ескерту жариялады.
Алдын ала болжам бойынша, 21 шілдеден бастап өңірде ауа райы біртіндеп өзгереді. Кей жерлерде жаңбыр жауып, найзағай ойнайды. Желдің екпіні секундына 15 метрге дейін жетіп, жекелеген аудандарда нөсер жаңбыр мен бұршақ жаууы мүмкін. Соның нәтижесінде ауа температурасы төмендеп, күндіз +30…+36 градус шамасында болады.
Мамандар ауа райының біршама салқындауына қарамастан, өрт қаупі толық сейілмейтінін ескертеді. Сондықтан тұрғындарға күннің ең ыстық уақытында ұзақ уақыт сыртта жүрмеуге, балалар мен қарт адамдардың денсаулығына ерекше назар аударуға, жеткілікті мөлшерде су ішуге және орман мен дала алқаптарында өрт қауіпсіздігі талаптарын қатаң сақтауға кеңес береді.
Төтенше жағдайлардың алдын алу мақсатында табиғат аясында от жағудан, құрғақ шөпті өртеуден және тез тұтанатын қалдықтарды бей-берекет тастаудан бас тарту қажет. Мамандар қарапайым қауіпсіздік ережелерін сақтау аптап ыстық кезінде табиғи өрттердің алдын алуға мүмкіндік беретінін айтады.





