Облыс әкімдігінің мәліметінше, аэрация жұмыстары күн сайын төрт мезгіл – сағат 11:00, 13:00, 15:00 және 17:00-де жүргізілуде. Ол үшін суару-жуу құрылғыларымен жабдықталған, әрқайсысының сыйымдылығы 8 текше метр болатын ондаған арнайы су таситын техника жұмылдырылған.
Ауаны ылғалдандыру шаралары Қонаев қаласы мен Қарасай, Іле, Еңбекшіқазақ және Талғар аудандарында жүргізіліп, 15 көше мен қоғамдық орынды қамтыды.
Атап айтқанда, Қонаев қаласында негізгі көшелермен қатар №6 қалалық жағажай мен балалар ойын алаңдарына су бүркіліп жатыр. Сондай-ақ Қаскелең, Есік және Талғар қалаларындағы орталық көшелер мен халық көп шоғырланатын аумақтарда да аэрация жұмыстары ұйымдастырылған.
Жұмыстарды орындауға 11 мердігер ұйым тартылған. Олар арнайы техниканың уақытылы шығуын қамтамасыз етіп, белгіленген кестеге сәйкес жұмыстарды жүргізуде.
Облыс әкімдігі қоғамдық орындарда жүргізіліп жатқан су бүрку жұмыстары тұрғындардың аптап ыстықты жеңіл өткеруіне ықпал ететінін атап өтті. Әсіресе балалар демалатын алаңдар мен серуендеу орындарында жүргізілетін аэрация олардың қауіпсіз әрі жайлы демалуына қолайлы жағдай жасауға бағытталған.
Жоспарға сәйкес аэрация жұмыстары 20 шілдеге дейін жалғасады.





