Іс-шараға су шаруашылығы саласының ардагерлері, «Алматыоблсушар» мекемесінің қызметкерлері, Д. Қонаев атындағы Үлкен Алматы каналы филиалының ұжымы, Балқаш-Алакөл бассейндік инспекциясының мамандары, сондай-ақ жобалау және құрылыс ұйымдарының өкілдері қатысты.
Жиында Алматы облысы әкімінің орынбасары Бақытнұр Бақытұлы сала қызметкерлерін кәсіби мерекемен құттықтап, олардың өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуындағы еңбегіне жоғары баға берді.
«Егістік алқаптарының өнімділігі, агроөнеркәсіп кешенінің тұрақты дамуы және азық-түлік қауіпсіздігі – сіздердің күнделікті қажырлы еңбектеріңіздің нәтижесі. Бүгінде өңірде су қоймаларын жаңғырту, каналдарды қайта жаңарту және ирригациялық инфрақұрылымды дамыту бағытында ауқымды жұмыстар атқарылып жатыр. Бұл бастамалар облыс экономикасының өсіміне және ауыл шаруашылығының тиімділігін арттыруға зор үлес қосады. Баршаңызды кәсіби мерекелеріңізбен шын жүректен құттықтаймын», – деді облыс әкімінің орынбасары.
Салтанатты рәсім барысында су шаруашылығы саласында ұзақ жылдар бойы табысты еңбек етіп жүрген мамандарға мемлекеттік және ведомстволық наградалар, Құрмет грамоталары мен Алғыс хаттар табыс етілді.
Марапатталғандардың қатарында Тасқұтан су көтергіш бөгетінде инженер-гидротехник болып еңбек ететін Абзал Рахымбаев та бар. Ол су шаруашылығы саласын дамытуға қосқан үлесі үшін «Су шаруашылығының үздігі» ведомстволық төсбелгісімен марапатталды.
Он жылдан астам уақыттан бері осы салада қызмет етіп келе жатқан инженердің айтуынша, бұл марапат – тұтас ұжымның еңбегіне берілген жоғары баға.
«Бұл марапатты бүкіл әріптестерімнің еңбегінің жемісі деп қабылдаймын. Тасқұтан су көтергіш бөгетінде біз суармалы алқаптарға судың уақытылы әрі тұрақты жеткізілуін қамтамасыз етеміз. Әрбір литр су – диқандар үшін аса маңызды ресурс. Сондықтан біздің жұмысымыз жоғары жауапкершілікті талап етеді. Әсіресе суару маусымында тәулікпен еңбек етуге тура келеді. Дегенмен еңбегіңнің нәтижесінде егіс бітік шығып, мол өнім жиналғанын көргенде, өз мамандығыңның қоғам үшін қаншалықты маңызды екенін терең сезінесің. Барша әріптестерімді кәсіби мерекемен құттықтаймын», – деді Абзал Рахымбаев.
Қазіргі таңда елімізде су ресурстарын тиімді басқару, су инфрақұрылымын жаңғырту және су үнемдеу технологияларын енгізу мәселелері мемлекеттік деңгейде басым бағыттардың біріне айналып отыр. Бұл міндеттердің табысты орындалуы, ең алдымен, өз ісіне адал, кәсіби білікті мамандардың еңбегімен тығыз байланысты.
Алматы облысында су шаруашылығы саласын дамыту бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасады. Ардагерлердің мол тәжірибесі мен жас мамандардың жаңа көзқарасы ұштасқан жағдайда өңірдің су қауіпсіздігін нығайтып, аграрлық сектордың тұрақты дамуына жаңа серпін беруге мүмкіндік туады.





