Құқық үстемдігі орныққан елде қоғам да орнықты, мемлекет те қуатты болады. Сондықтан заң мен тәртіп – кез келген мемлекеттің дамуы мен қауіпсіздігінің басты кепілі. Әрбір азаматтың заңды құрметтеп, қоғамдық тәртіпті сақтауы – өз құқығын қорғаумен қатар, өзгелердің де құқықтары мен бостандықтарына құрметпен қараудың көрінісі.
Заң – қоғамдағы қарым-қатынастарды реттейтін негізгі қағида болса, тәртіп – сол заңдардың күнделікті өмірде орындалуы. Жол қозғалысы ережесін сақтау, қоғамдық орындардағы мәдениеттілік, табиғатты қорғау, салық төлеу, еңбек тәртібін сақтау сияқты қарапайым әрекеттердің барлығы заңға бағынудың үлгісі болып саналады. Заң талаптарының орындалуы қоғамда әділдік пен сенімді қалыптастырып, азаматтардың қауіпсіз өмір сүруіне жағдай жасайды.
Бүгінде құқықтық мәдениетті арттыру – мемлекет алдындағы маңызды міндеттердің бірі. Құқықтық сауаты жоғары адам өз міндетін де, өз құқығын да жақсы біледі. Ол заң бұзушылықтың алдын алып қана қоймай, қоғамдағы жауапкершілік мәдениетінің қалыптасуына үлес қосады. Осы мақсатта елімізде халықтың құқықтық білімін жетілдіруге, сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға, қоғамдық қауіпсіздікті нығайтуға бағытталған түрлі жобалар мен түсіндіру жұмыстары жүйелі түрде жүргізілуде.

