Ведомство мәліметінше, бүгін түнде «112» қызметіне Сәтбаев шыңына көтерілген 2007 және 2008 жылы туған екі қыздың белгіленген уақытта кері оралмағаны және олармен байланыс үзілгені туралы хабарлама түскен. Белгілі болғандай, олардың соңғы орналасқан жері күндіз Сәтбаев шыңының маңында тіркелген.
Хабарлама түскен бойда іздестіру-құтқару жұмыстарына ҚР ТЖМ «Барыс» республикалық жедел-құтқару жасағының мамандары мен Алматы қаласы Төтенше жағдайлар департаментінің Құтқару қызметі жұмылдырылды.
Құтқарушылар Үлкен Алматы көлі аумағына жеткеннен кейін Сәтбаев шыңына апаратын биік таулы маршрут бойымен іздеу жұмыстарын бастады. Таулы аймақтың күрделі бедеріне қарамастан, мамандар туристердің болуы ықтимал бағыттарды мұқият тексерді.
Іздестіру-құтқару операциясы барысында екі қыз теңіз деңгейінен 4317 метр биіктікте, Сәтбаев шыңы маңындағы кемпинг аумағынан табылды. Олардың нақты орналасқан жері анықталғаннан кейін құтқарушылар туристерді қауіпсіз аймаққа дейін алып жүрді.
ТЖМ мәліметінше, іздестіру-құтқару операциясы сәтті аяқталды. Екі туристің де жағдайы қанағаттанарлық, медициналық көмекке мұқтаж болмаған.
Төтенше жағдайлар министрлігі азаматтарға тауға шығар алдында маршрутты алдын ала жоспарлап, жақындарына баратын бағыты туралы хабарлап, ауа райын бақылауды және байланыс құралдарын толық қуаттап алып жүруді ескертеді. Бұл төтенше жағдайлардың алдын алуға және қауіпсіздікті қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.





