Аймақ басшысы алдымен Қарасай ауданындағы жағдайды бақылады. Мұнда Ақсай өзеніндегі су деңгейінің көтерілуі салдарынан «Toimart» сауда үйінің жертөлесі мен оған іргелес аумақты су басқан. Абырой болғанда, адам шығыны мен зардап шеккендер тіркелген жоқ.
Төтенше жағдайдың салдарын жоюға Төтенше жағдайлар департаментінің, әскери бөлімдердің және жергілікті атқарушы органдардың 127 қызметкері мен 7 арнайы техникасы жұмылдырылды. Жедел әрекеттің нәтижесінде жертөледегі су толық шығарылып, өзен арнасы лай мен қоқыстан тазартылды. Қазіргі уақытта су өз арнасымен кедергісіз ағып жатыр.
Қарасай ауданының Жаңатұрмыс ауылындағы «Ақсай карьері» ЖШС аумағында да өзен суы жағалауды шайып, карьердің солтүстік-батыс бөлігінде топырақ сырғыған.
Су тасқыны қаупін азайту мақсатында өзен арнасының 280 метрі төрт метрге дейін тереңдетіліп, ені бес метрге дейін кеңейтілді. Жалпы көлемі 5600 текше метр топырақ шығарылып, арнайы техниканың жұмыс істеуі үшін 320 метрлік технологиялық жол салынды.
Бұл жұмыстарға 90 адам мен 29 арнайы техника тартылған.
Түрген – Асы жолында қозғалыс уақытша тоқтатылды
Табиғи апат Еңбекшіқазақ ауданындағы Түрген өзеніне де әсер етті. Өзеннің арнасынан шығуы салдарынан «Түрген – Асы» автомобиль жолының 24 және 26-шақырымдары уақытша жабылды.
Су тасқыны салдарынан өзен бойындағы демалыс аймақтарына тиесілі 17 киіз үйді су басып, уақытша жаяу көпірлердің бір бөлігі зақымданды.
1 шілдеден бастап облыстық Төтенше жағдайлар департаменті, облыстық және аудандық әкімдіктердің қатысуымен жедел штаб құрылып, күшейтілген режимде жұмыс ұйымдастырылды. Күн сайын 20-дан астам арнайы техника мен 60-тан астам маман жұмылдырылып, өзен суы қайта негізгі арнасына бағытталды.
Төрт күн ішінде туристер мен Асы жайлауындағы малшыларды қоса есептегенде 100-ден астам адам қауіпсіз жерге эвакуацияланды. Сонымен қатар таулы аймақтарға кіруге уақытша шектеу қойылып, полиция бекеттері ұйымдастырылды.
Қабылданған шаралардың арқасында елді мекендерді су басуына жол берілген жоқ.
Қазіргі уақытта бүлінген жол учаскелерінде қалпына келтіру жұмыстары жалғасуда. Мамандар жолды тас, ағаш және бұталардан тазартып, жол төсемін қайта қалпына келтіруге дайындық жүргізіп жатыр.
Әкім: Алдын алу жұмыстары жүйелі жүргізілуі тиіс
Марат Сұлтанғазиев жауапты мемлекеттік органдарға апат салдарын қысқа мерзімде жоюды және өзен арналарының қауіпсіздігін күшейтуді тапсырды.
«Су өткізу жүйелерін тұрақты бақылауда ұстап, өзен арналарының өткізу қабілетін арттыру жұмыстарын жалғастыру қажет. Қауіп толық сейілгенге дейін барлық қызметтер күшейтілген режимде жұмыс істеуі тиіс. Ең бастысы – мұндай жағдайлардың алдын алу шараларын жүйелі түрде жүзеге асыру», – деді облыс әкімі.
«Қазгидромет» РМК мәліметінше, облыстың таулы өңірлерінде жауын-шашынның сақталуына байланысты қауіп толық жойылған жоқ.
Сондықтан төтенше жағдай қызметтері өзендердің деңгейін тұрақты бақылауда ұстап, бүлінген инфрақұрылымды қалпына келтіру жұмыстарын жалғастыруда. Қауіп толық сейілгенге дейін барлық қызмет күшейтілген режимде жұмыс істейді.
Белбұлақтағы өрттен зардап шеккен тұрғындармен кездесті
Жұмыс сапары барысында облыс әкімі Талғар ауданының Белбұлақ ауылындағы өрт шыққан сегіз пәтерлі тұрғын үйдің тұрғындарымен де кездесті.
Еске салсақ, 27 маусым күні Жібек жолы көшесіндегі тұрғын үйдің шатыры өртеніп, өрттің жалпы аумағы 500 шаршы метрді құрады. Тілсіз жауды сөндіруге 19 құтқарушы мен үш арнайы техника жұмылдырылды. Зардап шеккендер болған жоқ.
Марат Сұлтанғазиев қазіргі басты міндет тұрғындардың мәселесін заң аясында және жедел шешу екенін атап өтті.
Облыс әкімінің айтуынша, нысанға мемлекеттік сараптама жүргізіліп жатыр. Оның қорытындысына сәйкес тұрғын үйді қалпына келтіру немесе тұрғындарды басқа баспанамен қамтамасыз ету мәселесі шешіледі.
Қазіргі уақытта тұрғындармен тұрақты байланыс орнатылып, қажетті материалдық көмек көрсетіліп жатыр. Облыс әкімдігі төтенше жағдайдың салдарын толық жойып, тұрғындардың қалыпты өміріне оралуы үшін барлық қажетті шараларды қабылдап жатқанын мәлімдеді.





