Қазіргі уақытта оқиға орнында төтенше жағдай қызметтері мен жергілікті атқарушы органдардың күштері жұмылдырылып, қауіпсіздікті қамтамасыз ету шаралары жүргізіліп жатыр.
Алдын ала мәлімет бойынша, нөсер жауыннан кейін Тұрген өзенінің арнасындағы су көлемі ұлғайып, Тұрген – Ассы автомобиль жолының 25-шақырымындағы жол учаскесін су басты.
Сонымен қатар өзеннің 6–9 шақырым аралығында орналасқан алты киіз үйге және «Түргенсай» демалыс аймағының аумағына су кірген. Су ағыны салдарынан өзен бойындағы қолдан жасалған жаяу жүргіншілер көпірлері ішінара бүлінген.
Мамандар жүргізген тексеру барысында Үлкен Алматы каналы (БАК) бойындағы автожолдың 54-шақырымында орналасқан көпірдің су өткізу құрылғысы маңындағы топырақтың шайылғаны анықталды. Айта кетейік, бұл көпір 2024 жылы апатты жағдайда деп танылған болатын.
Төтенше жағдайдың салдарын жою жұмыстарын үйлестіру мақсатында Еңбекшіқазақ ауданының әкімі Талғат Байеділовтің төрағалығымен жедел штаб құрылды. Оның құрамына аудандық әкімдік, полиция, төтенше жағдайлар қызметі және басқа да мүдделі мемлекеттік органдардың басшылары кірді.
Қазіргі уақытта туристік нысандар мен демалыс орындарында болған азаматтарды қауіпсіз жерге көшіру жұмыстары жүргізілуде. Құтқару қызметтері жағдайды тұрақты бақылауда ұстап, су басу салдарын жою және тұрғындар мен туристердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша кешенді шараларды жүзеге асырып жатыр.
Жауапты органдар тұрғындарды ауа райы туралы ескертулерге құлақ асып, таулы және өзен жағалауындағы аймақтарға барғанда сақтық шараларын қатаң сақтауға шақырады.





