Жиында колледждердің тиімділігін арттыру, еңбек нарығына сұранысқа ие мамандар даярлау және жастарды жұмыспен қамту мәселелері кеңінен қаралды.
Алматы облысы білім басқармасының ұйымдастыруымен өткен алқа мәжілісі Қонаев көпсалалы колледжінің базасында өтті. Жиынға облыстық білім басқармасының басшысы Қайрат Жұманов төрағалық етті.
Іс-шараға техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарының басшылары қатысып, саладағы өзекті мәселелер мен алдағы міндеттерді талқылады.
Алқа мәжілісінің күн тәртібінде білім алушылар контингентінің сақталуы, колледж түлектерін жұмыспен қамту деңгейін арттыру және «Адал Азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасын іске асыру мәселелері қаралды.
Негізгі баяндаманы Алматы облысы білім басқармасы басшысының орынбасары Айгүл Маралбаева жасап, техникалық және кәсіптік білім беру саласындағы негізгі көрсеткіштерге жан-жақты талдау ұсынды.
Баяндамашы мемлекеттік білім беру тапсырысының орындалу барысына, еңбек нарығының сұранысына сәйкес жаңа мамандықтарды ашуға, дуальды оқыту жүйесін жетілдіруге, халықаралық серіктестікті дамытуға, сондай-ақ тәрбие жұмысын күшейту мен құқық бұзушылықтың алдын алу бағытында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды.
Жиын барысында техникалық және кәсіптік білім беру жүйесін экономиканың нақты секторымен ұштастырудың маңыздылығы ерекше атап өтілді. Осы орайда өндіріс орындарымен әріптестікті кеңейту, студенттердің тәжірибелік даярлығын жетілдіру және жұмыс берушілермен байланысты нығайту мәселелері талқыланды.
Алқа мәжілісінің қорытындысында колледж директорларына бірқатар нақты тапсырмалар жүктелді. Атап айтқанда, мемлекеттік білім беру тапсырысының сапалы орындалуын қамтамасыз ету, жаңа және сұранысқа ие мамандықтарды ашу, дуальды оқыту жүйесін одан әрі дамыту, «Адал Азамат» бағдарламасын тиімді жүзеге асыру, білім беру ұйымдарында буллингтің алдын алу, кәсіпорындармен ынтымақтастықты кеңейту және құқық қорғау органдарымен бірлескен профилактикалық жұмыстарды жүйелі ұйымдастыру міндеттелді.
Алматы облысының білім басқармасы техникалық және кәсіптік білім беру сапасын арттыру, өндіріс талаптарына сай білікті мамандар даярлау және жастардың еңбек нарығында бәсекеге қабілеттілігін күшейту бағытындағы жұмыстарды алдағы уақытта да жалғастыратынын атап өтті.





